Кейде бір өлеңді оқып отырып, ақынның емес, өз жүрегіңнің үнін тыңдағандай күй кешесің. Өйткені шынайы поэзияның құдіре- ті – оқырманның жан түкпірінде бұғып жатқан сезімді оятып, айтылмай жүрген ойына тіл бітіруінде. Осындай әсерді жас ақын Санжар Сұлтанғазының «Жасанды бәрі…» атты жырын оқығанда бастан өткердім.
Қазір технологияның дамыған дәуірі. Ақпарат та, қарым-қатынас та, тіпті кейбір сезімдер де жасандылықтың шырмауына түскендей ме дейсің. Санжардың өлеңі дәл осы қоғамның жан жарасын дөп басады. Ақын: «Жасанды жүрек, Жасанды сезім, Жасанды ой…» деп басталатын өлең жолдарында адамзаттың рухани әлеміне алаңдаушылығын жеткізеді. Жырдағы әр тармақ оқырманды ойға жетелеп қана қоймай, жандүниесін сілкінтіп өтеді. Шынында бүгінде жасанды интеллект өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Адамның бейнесін, дауысын, тіпті болмысын да қайталайтын технологиялар пайда болды. Алайда ақынды толғандыратын мәселе техниканың емес, даму жолындағы адамдық қасиеттің көмескіленіп кетуі. Өлеңдегі: «Жасанды ұрпақ жасалып жатыр артымда, Жасанды бата бере ме ертең қартың да?!» деген жолдар болашақ алдындағы үлкен сауал. Бұл бір ғана ақынның емес, тұтас қоғамның көкейіндегі күмән мен алаң. Поэзияның өміршеңдігі де осында болар. Нағыз өлең уақыттың тамырын дөп басып, дәуірдің үнін жеткізе алады. Санжардың жыры бүгінгі күннің шындығын жүрек сүзгісінен өткізіп, көркем тілмен өрнектеген туынды ретінде бағалы.
Ақын жасанды әлемді өлеңмен әдемі өрген. Жүректен шыққан жыр жүрекке ұялап жатса, бұл – нағыз өлеңнің белгісі емей не?! Оның бұдан өзге сағынышқа толы жырлары да адамның ішін алай-дүлей күйге түсіріп, буыныңды босатып, жанарыңа еріксіз жас үйіреді. Сөздің құдіреті деген осы болса керек. Ал сөз өлеңге айналғанда жүрек қана емес, айналаң түгелдей жырға айналып кеткендей әсер қалдырады.
Поэзия – адамның ішкі әлемін тазартатын тылсым күш қой. Кейбір сәтте жақсы өлең оқып отырып, өзің де іштей ақын кейпіне еніп, сөз әлемінің сұлулығына сүйсінесің. Санжардың жырлары сондай күйге бөлейді. Табиғилықты аңсаған, адамдық құндылықтарды ардақтаған, жүрек тазалығын жырлаған жас ақынның қаламынан туған әр жол оқырманын бейжай қалдырмайды. Жасандылық көбейген заманда шынайылықтың жырын жазу үлкен батылдық. Ал сол шынайылықты жүрекке жеткізе білу – ақындықтың белгісі деуге болады.
Өміршең өлеңіңмен өрге жүзе бер, Санжар Сұлтанғазы! Жырларың оқырманын ойландырып, толқытсын, ізгілікке жетелесін. Өйткені адамға қай кезде де жүректен шыққан шынайы сөз қажет.
Жасанды





