Қазақ тарихының ең қасіретті беттерінің бірі саяси қуғын-сүргін кезеңі. Бұл тақырып ұзақ жылдар бойы біржақты зерттеліп, кеңестік идеологияның шеңберінен аса алмады. Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана ұлт басынан өткен зұлматқа жаңаша көзқарас қалыптаса бастады. Дегенмен, бүгінгі таңда саяси қуғын-сүргін мәселесін атылған Алаш арыстарының тағдырымен шектеу жеткіліксіз екені анық байқалып отыр. Өйткені қуғын-сүргіннің зардабы тұтас ұлттың тамырына балта шапты. Сондықтан бұл тақырыпты жаңа бағытта, кең ауқымда зерттеу уақыт талабы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығы тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге жасалған маңызды қадам болды. Президент Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде көптеген архив материалдары зерттеліп, бұрын халқымызға беймәлім болған тың мәліметтер жарыққа шығып жатқанын атап өтті.
Шын мәнінде, бұл мәселені жаңаша зерттеу дегеніміз, бұрын жабық болып келген архивтерді ашумен ғана шектелмейді. Бұл халық жадында сақталған тарихи естеліктерді жинақтау, ұлт бастан өткерген нәубеттің толық картинасын қалпына келтіру деген сөз. Өйткені кеңестік кезеңде қуғын-сүргін мәселесі «халық жаулары» ретінде айыпталған зиялылар төңірегінде ғана қарастырылды. Ал шын мәнінде, ашаршылықтан қырылған қарапайым халықтың тағдыры, шетел асқан босқындардың қасіреті, ұжымдастыруға қарсы көтерілген ауыл адамдарының күресі, діни сенімі үшін жапа шеккендер, тәркіленген байлар мен орта шаруалардың өмірі толыққанды зерттелмей келді.
Жетісу облысында құрылған өңірлік жұмыс тобының соңғы жылдардағы ізденістері осы олқылықтардың орнын толтыруға бағытталды. Архив құжаттарымен қатар ел арасындағы естеліктер, сауалнамалар, сирек қолжазбалар, төте жазумен сақталған деректер ғылыми айналымға енгізіле бастады. Бұл саяси қуғын-сүргінді зерттеудің жаңа кезеңі басталғанының айқын белгісі.
Әсіресе, босқындық мәселесін зерттеудің маңызы зор. Бұған дейін қазақ тарихындағы босқындық көбіне 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісімен байланыстырылып келді. Алайда кейінгі архив деректері көрсеткендей, 1920-1930 жылдардағы тәркілеу, күштеп ұжымдастыру, ашаршылық пен саяси қысым салдарынан мыңдаған адам Қытайға, Орта Азия өңірлеріне босып кеткен. Бұл қазақ халқының демографиялық, рухани, әлеуметтік дамуына ауыр соққы болды.
Кеңестік кезеңде бұл тақырып жабық ұсталды. Себебі, босқындықты мойындау кеңестік саясаттың сәтсіздігін мойындаумен тең еді. Сондықтан көптеген тарихи оқиғалар көмескі тартты, ал кейбір халық батырлары «банды» деген жаламен тарихтан шеттетілді. Бүгінде сол тұлғалардың есімдері қайта жаңғырып жатыр. Құндақбай, Омарбек мерген, Мұқай батыр, Нұрмұхамет Жөкейұлы секілді ел қорғаған азаматтардың күресі жаңа көзқараспен бағалануда.
Саяси қуғын-сүргін тақырыбын жаңаша зерттеудің тағы бір маңызды бағыты халық жадына сүйену. Архив ресми құжаттың тілі болса, естелік халықтың жүрек сөзі. Сондықтан қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарымен жүргізілген сұхбаттар, ел ішіндегі шежірелер, көнекөз қариялардың естеліктері ерекше маңызға ие. Жетісу өңірінде жиналған 39 сауалнама мен 57 естеліктің өзі тұтас дәуірдің шындығын ашуға қызмет етіп отыр.
Бұл жерде тағы бір маңызды мәселе бар. Саяси қуғын-сүргін тарихын зерттеу өткенді қазбалау емес, ұлттық сананы жаңғырту. Өйткені тарихын ұмытқан халықтың болашағы бұлыңғыр. Қуғын-сүргін зұлматы қазақ халқының еркіндікке деген рухын жоя алған жоқ. Керісінше, ұлттың азаттық идеясын күшейтті. Сондықтан бұл тақырып жас ұрпақты тәрбиелеуде де айрықша рөл атқарады.
Бүгінде архивтерде әлі де зерттелмеген мыңдаған құжат жатыр. Оның ішінде араб қарпімен жазылған төте жазу материалдарының орны ерекше. Жетісу өңіріндегі құжаттардың басым бөлігі осы жазумен сақталғаны анықталды. Демек, қуғын-сүргін тарихын толық тану үшін төте жазуды меңгерген мамандарды даярлау да маңызды міндеттердің біріне айналып отыр.
Саяси қуғын-сүргінді зерттеуде өңірлік ерекшеліктерді ескеру қажет. Әр аймақтың өзіндік тарихи қасіреті бар. Мәселен, Жетісуда босқындық мәселесі айрықша орын алса, басқа өңірлерде лагерьлер жүйесі, күштеп қоныс аудару немесе діни қуғын-сүргін мәселелері тереңірек көрініс табады. Сондықтан зерттеулерді бір орталықтан ғана емес, өңірлік деңгейде жүйелі жүргізудің маңызы артып келеді.
Қуғын-сүргін тақырыбын жаңаша зерттеу тарихшылардың ғана міндеті емес. Бұл тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі. Өйткені бұл зұлматтың зардабы әр қазақ әулетіне тиді. Бірінің атасы атылды, бірінің әкесі жер ауды, енді бірінің отбасы босқынға айналды. Сондықтан бұл тарих бір адамның емес, тұтас ұлттың тағдыры.
Бүгінгі зерттеулердің басты ерекшелігі тарихи ақиқатты саясатсыз, жасандылықсыз, ғылыми негізде ашуға ұмтылуы. Бұл тәуелсіз елдің тарихи санасының қалыптасқанын көрсететін маңызды құбылыс.
Тарихты тану өткенге тағзым ету ғана емес, болашаққа сабақ алу. Саяси қуғын-сүргін тақырыбын жаңаша зерттеу арқылы біз ұлт ретінде қандай қасіретті бастан өткергенімізді тереңірек түсінеміз. Ең бастысы, мұндай зұлматтың енді ешқашан қайталанбауы үшін тарихи жадымызды күшейтеміз.
Сондықтан саяси қуғын-сүргінді зерттеу жұмыстары архив сөрелерінде шаң басып қалмауы керек. Ол мектеп оқулығына, ғылыми айналымға, деректі фильмдерге, әдеби шығармаларға, қоғамдық санаға айналуы тиіс. Сонда ғана біз өткеннің қасіретін ұмытпайтын, тарихи жадын жоғалтпайтын ұлт ретінде қалыптасамыз.
Қажет АНДАС






