Астана қаласы мәслихатының кезекті отырысында елордадағы жеңіл рельсті көлік жүйесіне (LRT) «Тарлан-Астана» атауын беру ұсынысы қолдау тапты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Астана қаласының Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Досжан Исабектің айтуынша, қала әкімдігіне тұрғындардан, қоғамдық ұйымдардан және Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалынан LRT жүйесіне арнайы атау беру жөнінде бірнеше ұсыныс түскен.
Оның сөзінше, қазіргі таңда жеңіл рельсті көлік жүйесі қаланың негізгі қоғамдық көлік желілерінің біріне айналып отыр. Осыған байланысты жобаның тек инженерлік-техникалық атаумен шектелмей, халыққа түсінікті, есте сақталатын және заманауи сипаттағы жеке атауға ие болуы маңызды.
Досжан Исабек халықаралық тәжірибеде ірі көлік жүйелеріне қаланың мәдениеті мен ерекшелігін танытатын қысқа әрі дербес атаулар берілетінін атап өтті. Мысал ретінде Ванкувердегі SkyTrain, Рио-де-Жанейродағы SuperVia, Ресейдегі «Сапсан», Өзбекстандағы «Афросиаб» жүйелерін келтірді.
Оның айтуынша, 3 маусым күні өткен қалалық ономастика комиссиясының отырысында жаңа көлік жүйесіне берілетін бірнеше атау нұсқасы қаралған. Олардың қатарында «Сұңқар», «Лашын», «Құлан», «Аспан», «Тарлан» және басқа да атаулар болған.
Талқылау қорытындысы бойынша комиссия мүшелері LRT жүйесіне «Тарлан-Астана» атауын беру жөніндегі ұсынысты бірауыздан қолдаған.
Досжан Исабектің айтуынша, «Тарлан» атауы қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасымен тығыз байланысты. Қазақ дүниетанымында бұл сөз еркіндік, жылдамдық, күш-қуат, тектілік және сенімділік ұғымдарын білдіреді.
Мәслихат депутаттары аталған ұсынысты қолдап, тиісті шешімді мақұлдады. Енді бұл бастама түпкілікті қарау және шешім қабылдау үшін Республикалық ономастикалық комиссияның қарауына жолданады.




