Алтын Сламқожақызының қытай елінен көшіп келгеніне 4 жыл. Қазір оның шағын сауда орны бар.
Сауда нүктесінде ұлттық нақышта тігілген бас киім мен қазақы камзол сияқты түрлі бұйым сатылады. Оның бәрін өзі тігеді. Ерекше көзге түскені қара сабын. Кәсіпкердің айтуынша, ол да қолдан жасалған. Дүкен сөрелерінен басқа да заттарды табуға болады.
– Сабын жасауды анамнан үйрендім. Ол кісі маған бұл заттың қалай дайындалатынын көрсетті. Оны алабота, ермен, сексеуіл сияқты дәрілік шөптерден әзірлейміз. Алдымен шөптер орылып, күнге кептіріледі. Сосын өртеп, күлін күні бойы суға шылап қоямыз. Құрамындағы дәрілік заттар суға шығады. Сол су қазанға құйылып, бір-екі күн қайнаған соң қоюланады. Оған шыжғырылған қойдың майын қосып, шыны ыдысқа саламыз. Сөйтіп, сабын дайын болады,– дейді Алтын Сламқожақызы.
Айтуынша, бұл өнім экологиялық жағынан таза, табиғи саналады. Мұнымен жуылған шаш жақсы өседі, тіпті қайызғақты да кетіреді. Денедегі тері кеселдеріне де ем. Көбіне оны табиғи өнімнің пайдасын білетін қыз-келіншектер сатып алатын көрінеді. Олардың көбі қалалықтар. Көрмеге де қатысып, сол арқылы өнімдері өз алушыларын тапқан.
Қандай кәсіп болсын ең бастысы – ынта мен еңбек. Адал іс ешқашан жерде қалмайды. Сондықтан қолөнер мен кәсіпті қатар алып жүрген кейіпкеріміздің ісі көпке үлгі. Осындай жандар ауылдың дамуына өзіндік үлесін қосып келеді.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





