Маусымның 10-ы мен 28-і аралығында Жетісу облысында параплан спортынан ірі халықаралық турнир жалауын желбіретеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы tinfo.kz мәліметіне сілтеме жасап.
Жер шарының ең мықты пилоттары Текелі қаласына жақын маңда, Ескелді ауданында орналасқан «Тау Жетісу» туристік кешенінде бас қосады. Екпінді ауылы маңындағы биік таулы қыраттар мен ерекше ауа ағындары параплан спорты үшін таптырмас мекен саналады. Табиғаттың берген осы тиімді жағдайлары жыл сайын қатысушылар қатарын арттырып, аймақтың халықаралық аренадағы беделін биіктете түсуде. Жетісу облысының Туристік ақпараттық орталығы таратқан мәлімет осыған дәлел.
Турнир бағдарламасына Педро Тирадо кубогы, қону дәлдігі бойынша Чемпиондар лигасының кубогы, сондай-ақ Азия-тур Әлем кубогы кезеңі енеді. Мұндай деңгейдегі айтулы жарыстар өңірде бірнеше жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Дүбірлі доданың Жетісу жерінде өтуі аймақтың спорттық әлеуетін ғана емес, туристік тартымдылығын да арттыра түспек.





