Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен 2026 жылғы Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жиында әдебиет және өнер салалары бойынша Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған 32 жұмыс қаралды. Комиссия мүшелері Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның биылғы байқауға түскен жұмыстар туралы баяндамасын тыңдады.
Құрамына еліміздің белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері, әдебиет пен ғылым саласының өкілдері енген комиссия ұсынылған туындылардың мазмұны мен көркемдік деңгейін талқылады.
Дауыс беру нәтижесінде конкурстық іріктеудің келесі кезеңіне өткен үміткерлер анықталды. Алдағы уақытта олардың еңбектері жан-жақты сараланып, Мемлекеттік сыйлыққа лайықты жұмыстар іріктеледі.
Айта кетейік, Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлық – Қазақстандағы мәдениет пен өнер қайраткерлеріне берілетін ең жоғары марапаттардың бірі. Сыйлық көркем әдебиет, музыка, театр, кино және бейнелеу өнері салаларындағы үздік шығармалар мен жобаларды қолдауға бағытталған.



