Талдықорған қаласы әкімдігінің мәжіліс залында қала әкімі Ернат Бәзілдің төрағалығымен Жетісу облысының қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемасы мәселелері бойынша маңызды кеңес өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жиын барысында аймақтың, соның ішінде облыс орталығы Талдықорған қаласының таяу 30 жылға арналған негізгі даму бағыттарын айқындайтын аумақтық қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемасы таныстырылды. Мамандардың айтуынша, аталмыш құжат елді мекендерді дамытуды, инженерлік және көлік инфрақұрылымын жетілдіруді, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді, су ресурстарын қорғауды, тарихи-мәдени мұраны сақтауды және табиғи қауіп-қатерлердің алдын алуды көздейді.
Жоба аясында облыстың, соның ішінде Талдықорған қаласының әлеуметтік-экономикалық жағдайына жан-жақты талдау жасалды. Демографиялық үрдістер, экономика, ауыл шаруашылығы, туризм, инженерлік инфрақұрылым және экологиялық мәселелер мұқият зерттелді. Кешенді схеманы әзірлеу жұмыстары өткен жылы басталған болатын және оны ағымдағы жылы толық аяқтау жоспарлануда. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін құжат облыстық мәслихаттың шешімімен ресми түрде бекітіледі.
Айта кету керек, жобада өңір үшін стратегиялық маңызы бар бірнеше ірі инфрақұрылымдық нысандар қарастырылған. Олардың қатарында Алакөл көліне апаратын негізгі автокөлік жолын екі жолақтан төрт жолаққа дейін кеңейту, жаңа «Алажиде – Үшарал» теміржол желісін салу, сондай-ақ «Алматы – Өскемен» республикалық трассасының бойында орналасқан Балпық би, Бақтыбай ауылдары мен Талдықорған қаласын айналып өтетін жаңа жолдардың құрылысы бар.





