Жетісу облысы Қаратал ауданы Көпбірлік ауылында «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы аясында жаңартылған өрт сөндіру бекеті пайдалануға берілді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Салтанатты ашылу рәсіміне Жетісу облысы ТЖД бастығы, полковник Қанат Алтынбеков, Қаратал ауданының әкімі Ұлан Досымбеков және ауыл тұрғындары қатысты. Нысанды жаңғырту жұмыстары жергілікті атқарушы органдардың күшімен жүргізілді. Реновация барысында ғимараттар толық жаңартылып, жеке құрамның қызмет атқаруына барынша қолайлы жағдай жасалды. Бұл өрт сөндіру бекеті жалпы 1740 тұрғыны бар Көпбірлік, Қарақұм және Ақжар ауылдарының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Жаңғырту нәтижесінде нысан кезекшілікті ұйымдастыруға және туындайтын төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге қажетті барлық құралдармен жабдықталды. Мұнда жеке құрамның жұмысына, сондай-ақ өрт сөндіру техникасы мен жабдықтарын орналастыруға арналған арнайы бокстар қарастырылған. Жаңадан құрылған бекеттің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру автоцистернасын, өрт-техникалық жарақтарды, жауынгерлік киім жиынтықтарын және байланыс құралдарын берді. Қызметкерлер өрттер мен басқа да төтенше жағдайларға жедел әрекет ету бойынша тиісті дайындықтан өтті.
Жаңартылған өрт сөндіру бекетінің ашылуы ауылдық елді мекендердің өрт қауіпсіздігін арттырып, оқиға орнына жету уақытын қысқартуға және тұрғындардың қосымша қорғалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Салтанатты ашылу барысында ТЖД мен әкімдік тарапынан үздік қызметкерлер мен жобаны жүзеге асыруға қатысушыларды марапаттау рәсімі өтті. Айта кетейік, «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында Жетісу облысында өрт сөндіру бекеттерін дамыту және азаматтық қорғау жүйесін нығайту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатын болады.





