«…Гүл қала, арман қала,
Көк жасыл орман қала
Мәңгі от боп жанған қала
Алматым жүрегімде»
Мұқағали
Олар төртеу еді. Кең байтақ Қазақстанның түкпір-түкпірінен арман қуып Алматыға келген оларды табыстырған ұлы өнерге деген құштарлық болатын. Өткен жиырмасыншы ғасырдың бір 1950 жылдарының орта шені. Сайын мен Сайлау сол кезгі Алматы облысындағы Қоңыр ауылынан. Өнер білім қуып келген екі жас жолдары болып, консерваторияның театр бөліміне түскен. Шәуілдірлік Шәмші, Сарысулық Асанәлі екеуімен осы білім ордасында табысқан. Арман-тілектері мен көздеген мақсаттары бір албырт жастар тез тіл табысып, аралары ажырамас дос боп кетті. Сөйтіп төрт дос жұптарын жазбастан Алматы әуежайының жанындағы ол кезде «Красное поле» деп аталатын қазіргі Гүлдала елдімекенінен пәтер тапқан.
Ән шығаруға әуес Шәмші әзіл-қалжың, юмордан да кенде емес. Ара-арасында түйреп түсер ұтқыр шақпа тілі бар.
Сайын жазуға берілген әдебиеттің адамы. Сондықтан қаламгер достарының шығармашылығына еркіндік беруді шешкен өзге достары оның жеке бір бөлмеде тұруын жөн көрген. Әрі мерзімді газет-журналдарға шығатын туындыларына қомақты қаламақы алып тұратын қаламгер достарының жағдайы да мұны көтереді. Қапталдас бөлмеде жеке тұрғаны ғана болмаса, ыдыс-аяқтары аралас, ортақ. Тамақты бәріне жететіндей мол етіп, көбіне Сайын жасайды, өзге уақытта достары оңаша қалып, жазуына кедергі келтірмес үшін жөн-жосықсыз көп кіре бермейді. Тек анда-санда сезімін буып, ішіне симай бара жатқан жаңа әуеннің әсерімен бөлісе келген Шәмші ғана болмаса. Жай жүрмей, ыңылдай келіп, тіпті болмаған соң, үстелді тықылдатып, әлдеқандай бір әуенге басатыны бар. Онысын Сайын досы түсіне бермейді де:
– Қарның ашты ма? Тамақ ішесің бе? Әлде ақша керек пе? – деп қағытатын. «Сені де өнер адамы деп жүрген менде ес жоқ екен-ау!» деп досы кетеді қолын бір сілтеп. Жыны буған бақсыдай «шабынып» жүретін Шәмші достарының шабыт шақыруы тегін емес екен. Оны ақыры дәлелдеп тынды. Ауылдасы Сайлаудың өнері қолына тиген музыка аспабын құйқылжыта жөнелетін. Әсем сазға қосыла кететін тамаша қоңыр даусы бар еді. Шәмші достарының композиторлық өнерін сол Сайлау мойындатсын бұларға.
Мамыражай мамыр айының соңы болар. Дүние біткен түрленіп табиғаттың тамылжып тұрған шағы. Жексенбі күні төрт дос сол кездегі жалғыз демалыс орны Максим Горький атындағы саябаққа келген. Бір кезде орталық жолдың бойындағы жазғы сахнаға шыққан Сайлау Әбділдинов алдына «өңгерген» сазсырнайын кере созғылай құйқылжытып алып, достары Шәмші Қалдаяқовтың «Қайықта» әнін шырқап қоя берсін. Өтіп жатқан жұрт сілтідей тынып, тырп етпей су жаңа әннің сөзі мен әуеніне ұйып қалған. Мұны көрген Сайын мен Асанәлінің таңданысында шек жоқ. Кіммен бірге жүргендерін жаңа мойындай бастағандай. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ!»
Қызықтың көкесі ән аяқталғанда басталды. Бал арасындай дуылдай келіп қоршап алған тамам қыз-қырқын Сайлауды жүргізсеші!
– Ән авторы ол емес, міне! – деп көрсеткен бұлардың сөзін елең қылар жан жоқ. Шәмшіні көзге ілер емес. Әжептәуір көрік-келбетіміз бар деп жүрген Сайын мен Асанәлі айдалада қалды. Айнала үйірілген қыз біткен Сайлауды жіберер емес. Сөйтіп Шәмшінің әнін орындаған Сайлау бір-ақ күнде баяғының сал-серлеріндей баға жетпес бедел мен қошаметке ие болып шыға келді. Несін айтасыз, шығармашылық жолындағы алғашқы қадамы осылай басталған тума таланттардың есімдері өнер сүйер қалың жұртқа кеңінен жайылып кете барған. Гүлдала атты шағын елдімекеннен қанат қаққан Шәмшінің әндері кең байтақ Қазақстанды шарлап кетсе, Сайынның тұщымды әңгімелері елдің көзайымына айналды.
Расында, бұл ауыл Сайынның бауыр басқан екінші ауылындай болып кетті. Өйткені өте ыңғайлы. Соңғы аялдамасы осы ауылға келіп тірелетін нөмірі 3 автобустың Алматыдағы барар жері Сайын жұмыс істейтін Жазушылар одағына таяу Панфилов көшесімен өрлей барып, Абай атындағы опера балет театры. Кешкісін жұмыстан шығысымен аялдамада тұрған автобустың ешкім бөгет болмайтын жайлы бір орынына жайғасып алған жас қаламгер келесі ауылға жеткенше кезекті әңгімесінің желісін ойша пысықтап, пісіріп барады.Үйге келіп, бір шай ішіп алып, жазуға отырады. Осылайша көкейде пісіп жетілген көркем туындылар дүниеге келе берді, келе берді. Олардың барлығының дерлік арқауы өз туған ауылының өзі көзбен көріп өскен тұрмыс-тіршілігі. Кейіпкерлері сол ауылдың қарапайым еңбек адамдары, өз замандастары.
«Топырағын таппай дән өнбес»
Сайынның ауылы Қоңыр деп аталады. Бұл өзі табиғат пен талантты ұлдарға бай, ауыз толтырып айтуға тұратын өңір. Ешкіөлмес, Қоңыр атауларының өзі көп жайлардан сыр аңғартқандай. Қора жайлауындағы әйгілі Бұрқанбұлақ сарқырамасы, Шымылдық қарағай, Әулие тас сынды табиғат таңғажайыптарын көрген де арманда, көрмеген де арманда. Осы орайда аталарымыздан қалған «Топырағын таппай дән өнбес» деген ұлағатты мәтелдің ұлылығына тағы бір рет көз жеткізгендей боласыз. Аядай ғана Қоңыр ауылынан қанат қаққан ақын Ғали Орманов, шағын жанрдың шебері атанған классик жазушы Сайын Мұратбеков, танымал жезтаңдай дәстүрлі әнші Қажыбек Бекбосынов, киноактер Мұрат Нұрәсілов, сөз басында айтылған сегіз қырлы бір сырлы өнерпаз, сазгер Сайлау Әбділдинов, композиторлар одағының мүшесі Мэлс Керейбаев тәрізді талантты өрендерді тізбелей берсек, жетіп артылады. Осы қос өнерпаздың бастамасымен ауыл жастарынан ұйымдастырылған «Жетісу толқындары» атты ән-би ансамблінің күллі республикаға танылғаны белгілі.
Бір ауданға жатсақ та, Қоңыр ауылын көрудің сәті 1972 жылдың сәуір айында ғана түскен. Сол сапарда Сайын ағайдың өзін көрмесек те, «Көкорай» кітабынан оқыған тракторшы Моторбайдың прототипін көріп, «Жетісу толқындары» ән-би ансамблінің өзіміз қатарлас өнерпаздарымен танысқанбыз. Сайын ағай онда Алматыда. Ол кісіні көру қайда-а?!
Алғашқы жүздесу
«Сабақты ине сәтімен» деген рас екен. Бәрі ойламаған жерден болды. 1980 жыл. Диплом қолға тиіп, көңіл біршама жайланған соң, кітап шығару жайын да ойға ала бастаған кезім. Алматыға жолым түсе қалған. Аудандық газетте бірге істейтін әрі бастық, әрі ақылшы ағамыз Өтепберген Ақыпбекұлы: «Осы жолы екі-үш әңгімеңді ала барып, міндетті түрде Сайын ағайға кір! Ол кісі қазір «Қазақ әдебиеті» газетіне бас редактор болып келді. Жөніңді айтып, таныс. Проза жазып жүргеніңді айт. Қатты қуанып қалады. Өте қарапайым, кішіпейіл кісі!» – деп таптап тұрып айтқан соң келіспеске амалым қалмаған. Бұрынырақ сан рет айтқанына құлақ аспағаным бар. Осы жолы тәуекелге бел буып, ағамыз айтқандай, машинкаға басылған үш әңгімемді апарып, Сайын ағайымыздың кеңсесіне имене кірдім. Әрі қарай тура Өте-ағамыз айтқандай болды.
– А-а. Қапалдансың ба? – деп емен-жарқын қарсы алып, көңілді әңгімеге тартты. Не жазып жүргенімді сұрап білген соң, бір тетікті басты да бір кісіні шақырды. Көп кідіртпей кеңсеге дембелше келген сары кісі кірген.
– Сайымжан Еркебаев деген жазушы ағаң. Проза бөлімінің бастығы. Әңгімеңді осы кісіге тапсыр. Қарап шықсын, – деді. Сайымжан ағайыма еріп, кеңседен шыға бергем. Қайта соғып, қош, сау болыңыз айту жоқ. Сайымжан ағайдың кесікті сөзінен кейін екі күннен кейін келсем, көңілді қарсы алып:
– Мына әңгімеңді газетке ұсынам. Жақсы екен! – деп қуантты. Сол қуанышым қойныма симай ауылға тартып отырсам керек.
Аудандық газеттің қарбалас жұмысымен жүріп, ол жайлы ұмытып кеткен күндердің бірінде «Қазақ әдебиеті» газетінің ішкі қосарлы қос бетін алып, суретіммен менің әңгімем шықты. Қалай риза болмассыз?! Ағаларымыздың аялы қамқорлығына дән риза болып, қайтар тұста арнайы соғып, қоштаспай кеткен келеңсіздігіме қысылып жүрдім.
Ағалық қамқорлық аясында
Сол 1980 жылдан бастап, өз басым Сайын ағайымыздың зерделі назарынан тыс қалмай, үнемі ағалық қамқорлық аясында жүргенімді айқын сезіне бастағанмын. 1981 жылы республикалық жас ақын-жазушылардың «Жігер» фестиваліне қатыстым. Аудандық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі Әнуар есімді замандасымыздың газет редакциясындағы жұмыс орныма өзі келіп, бұл қуанышты хабарды жеткізуі көңіл көтерерліктей әсерлі еді. Оның:
– Обком комсомолдан Гүлше Тәңірбергеновнаның өзі хабарласып: «Басқа біреуді жіберіп қоймаңдар, Орталық Комитетте аты-жөні тіркеліп қойылған», – деп қатаң тапсырды дегенді қосып қоюы да көп жайдан хабар бергендей еді. Облыстағы партия, комсомол басшыларын жақсы танитын Сайын ағайдың тікелей өтініш-тапсырмасы екені айдан анық еді.
Осы жылдың желтоқсан айында Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы Сайын Мұратбеков ағамыз Талдықорған қаласында жас жазушылардың аймақтық кеңесін өткізді. Бұл игілікті істің басы-қасында Семей, Өскемен, Алматы облыстарынан келген әріптестерімізбен танысып, пікір алысып қайтқанымыз бар. Ал 1983 жылы сол баяғы Қапал аудандық газет редакциясында жүргенімде республикалық «Жалын» журналының кезекті нөміріне Сайын ағайымыздың алғы сөзімен «Баянжүрек баурайында» атты желілес әңгімелерім жарқ ете қалсын. Иә, бұл да Сайын ағамыздың аялы қамқорлығының арқасы болатын. «Соңынан ерген інісінің бетінен қақпай белін буу» дегеніңіз осындай-ақ болар.
1985 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Ауыл таңы» атты тұңғыш кітабымның сүйінші данасы қолыма тиісімен төртінші қабаттағы «Жазушы» баспасының директоры Сайын ағайыма келгем қуанышымды бөлісуге кірдім. Құшақ жая қарсы алған ағайымыз өз кітабы жарық көргендей қуанып, құттықтай отырып, отбасы жағдайымды да сұрастырып білген соң тікелей ақыл-кеңеске көшті.
– Ашығын айтсам, бізде ауылда жатып, кітап шығару қиын. Сенің орның – осы жер! Жазушылардың ортасында жүріп, әдебиеттің қара қазанында қайнап, пісуің, ысылып, ширауың, ширығуың керек! Ол үшін осында кел. Жұмыс деген табылады. Баспа ма, басқа ма, ол сөз емес. Тек үш-төрт жылсыз үй мәселесін шешіп берем деп айта алмаймын. Сондықтан саған айтар ақылым: үлкен кісінің атынан уақытша болса да тұра тұратын, жағдайың көтеретіндей бір баспана сатып ал. Әйтпесе, кішкентай балалармен қаладан пәтер жалдау қияметтің ісіндей, – деп бір-ақ тоқтаған.
«Шақырғанға келмесең, сығалауға зар боларсың» деген. Асқар таудай ағамыз шақырып тұрғанда, бөгелетін несі бар?! Ағамыз көрсеткен жолмен «Саяхат» автобекетінің маңынан бір шағын үй сатып алып, Алматылық болып шыға келдік. Сайын ағайымыз өзі басқарып отырған Жазушы баспасына редакторлық қызметке кабылдаған. Осы баспадан «Баянжүрек баурайында» атты екінші кітабымды шығарып берді. Бұл кітаптың атын да ағамыз өзі қойды. «Жазушы» баспасында тұрақты еңбек етудің арқасында өкіметтен берілетін соңғы пәтерге де ие болдық. Оған да Сайын ағайымыздың тікелей ықпалы болғаны тағы бар. Бөлінген пәтерлерге талас тумай тұра ма?! Баспа басшысы шеше алмай: «Соттассаңдар, соттасыңдар!» деп қарап отыр. Дауды шешудің ол-оңай жолын айтып, Сайын ағайға шығуға тура келді. Ол кісі министрге кірмек болған. Демалыс күні Сайын ағамыз үйге телефон соғып: «Сенің шаруаң шешілді!» – деп қуантып тұр. Сөйтсе сенбі күні министрмен бірге бір отырыста болған ағамыз бір шаруамен дүйсенбіде өзіне кіргелі жүргенін айтса, келіп әуре болмай айта беріңіз дейді. Айтса: «Болды оң шешімін табамыз. Қиын шаруа емес екен ғой!» – депті.
Дүйсенбі күні жұмыста директор шақырып алып, дәп бір өзі шешкендей етіп, ресми түрде жеткізді. Рақмет айтқан болып шыға беруге тура келді. Ал көкейде Сайын ағайымызға деген шексіз ризашылық шалқып тұр еді. Алдыңда асқар таудай ағаң болған қандай жақсы, шіркін! Бүгінде бәленбай кітап шығарып, түрлі әдеби конкурстарда жүлдегер атанып, әдеби сыйлықтарға ие болып жүргеніміздің барлығы дерлік осы бір бекзат болмысты абзал жанның ағалық аялы қамқорлығының арқасы! Сол кісінің жолын қуып, ізбасар інісі болғанын зор мәртебе санап, мақтан тұтатын шәкірті жалғыз біз ғана емес, қазақ қаламгерлері арасында ондап саналады.
Жатқан жері жарық болғыр қаламгер ағамыздың тоқсан жылдығы дүркіреп өтуі тиіс. Сол қарсаңда туған ауылында музей үйі ашылып, оның іші барған қонақтар тамашалай танысатын қаламгердің соңына қалдырған баға жетпес мол мұрасы – кітаптары мен естеліктер, көрнекті фотосуреттермен безендірілсе, қандай ғанибет болар еді?!
Арасанбай ЕСТЕН,
Халықаралық «Алаш», республикалық Кемел Тоқаев,
Сайын Мұратбеков атындағы әдеби сыйлықтардың лауреаты,
Ақсу ауданының Құрметті азаматы.





