Қазақстанда болашақ зейнетақы реформасын талқылау жалғасып жатыр. Маусым айының соңына дейін арнайы жұмыс тобы ұсынылған модельдердің бірін таңдап, ортақ ұстанымды үкімет қарауына енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта жұмыс берушілердің 5 пайыздық міндетті зейнетақы жарналарына қатысты екі негізгі нұсқа қарастырылуда.
Алғашқысы – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры ұсынған «4+1» моделі. Бұл жүйе жинақтаушы және сақтандыру зейнетақысын біріктіруді көздейді. Аталған схема бойынша жұмыс берушілер аударған қаражаттың 4 пайызы азаматтардың жеке зейнетақы шоттарына, ал 1 пайызы ортақ қорға бағытталады.
Екінші нұсқаны Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры ұсынып отыр. Бұл модельде барлық қаражат ортақ шотқа жинақталып, кейін зейнетақы аударымдары бар азаматтар арасында бөлінеді.
«Бұл талқылаулар әлі де жалғасып жатыр. Жұмыс тобы жұмыс істеуде. Осы айдың соңына дейін қай жобаға тоқталатынымызды анықтауымыз керек. Шілде айының басында Ұлттық банкпен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, үкіметке ортақ ұстанымды ұсынамыз», – деді Асқарбек Ертаев Сенат кулуарында.
Министрдің сөзінше, 2026 жылдың соңына дейін реформа моделін таңдап қана қоймай, оны іске асыру үшін қажетті заңнамалық өзгерістер де әзірленеді.
«Жыл соңына дейін біз жобаны таңдап қана қоймай, оны заңнамалық тұрғыда рәсімдейміз. Заңдарға қандай өзгерістер енгізу қажеттігін анықтаймыз», – деді министр.
Сонымен қатар, реформаның нақты қашан енгізілетіні әзірге белгісіз. Жаңа жүйенің келесі жылдан бастап іске қосылатыны немесе кейінірек енгізілетіні жөнінде нақты шешім қабылданбаған.
Еңбек министрлігі жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары кезең-кезеңімен енгізілетінін еске салды. Қазіргі уақытта олардың мөлшерлемесі 3,5 пайызды құрайды. Алдағы жылдары бұл көрсеткіш 4 пайызға, кейін 4,5 пайызға және соңында 5 пайызға дейін ұлғаяды.
Министр жаңа төлемдердің жұмыскерлердің жалақысына әсер етпейтінін атап өтті.
«Төлемнің бұл түрі әрбір азаматтың жалақысынан емес, жұмыс берушінің қаражаты есебінен жүзеге асырылатыны нақты айқындалған», – деді Асқарбек Ертаев.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов те зейнетақы жүйесін жаңғырту мәселесіне қатысты пікір білдірген болатын. Оның айтуынша, елдегі демографиялық өзгерістерге байланысты қолданыстағы зейнетақы жүйесін жаңа жағдайларға бейімдеу қажет.





