Қазақстанда ақбөкендер саны артып келеді. Соңғы санақ нәтижелері бойынша, киіктердің жалпы саны 5 миллион басқа жуықтаған. Осыған байланысты биыл да жануарлар популяциясын реттеу жұмыстары жалғасады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев мәлімдеді. Оның айтуынша, ақбөкендер санын реттеу шаралары былтыр басталған болатын және биыл да арнайы мамандандырылған ұйымдардың қатысуымен жүзеге асырылады.
– Өткен жылы да ақбөкендер санын реттеу жұмыстары жүргізілді. Биыл бұл шара жалғасады. Қазіргі таңда нақты есептеулер жүргізіліп жатыр. Әрбір алу кезеңі ғылыми негіздемеге сүйенуі тиіс. Сондықтан қанша жануардың алынатыны ғылыми зерттеулер нәтижесінде анықталады, – деді вице-министр.
Мамандардың мәліметінше, елімізде ақбөкендердің үш негізгі популяциясы мекендейді. Орал популяциясының саны 2,5 миллионнан асқан. Бетпақдаладағы ақбөкендер саны шамамен 2 миллион басқа жетсе, Үстірт популяциясында 120 мыңға жуық жануар тіркелген. Осылайша, Қазақстандағы ақбөкендердің жалпы саны жыл сайын артып, 5 миллион басқа жақындап отыр.
Ақбөкендер санының көбеюі табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстардың нәтижесі болғанымен, бұл жағдай кейбір өңірлердегі шаруаларға қиындық туғызуда. Мәселен, Қарағанды облысында киіктер жас егістіктерді таптап, ауыл шаруашылығы алқаптарына зиян келтірген. Ал Ақтөбе облысында тұрғындар егінді қорғау үшін арнайы мобильді топтар құрып, жануарларды алқаптардан алыстату жұмыстарын қолға алған.
Сондықтан мамандар табиғи тепе-теңдікті сақтау, ауыл шаруашылығы саласына келетін шығынды азайту және ақбөкендер популяциясын тиімді басқару мақсатында ғылыми негізделген реттеу шараларын жүргізудің маңыздылығын атап отыр. Ақырғы шешім ғылыми зерттеулер мен сараптамалық қорытындыларға сүйене отырып қабылданады.





