Қазақстанда 2026-2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім гранттары конкурсына құжат қабылдау 13-20 шілде аралығында жүргізіледі. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығы мәлімдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Грант конкурсына қатысу үшін талапкерлер келесі құжаттарды тапсыруы қажет:
- жеке куәлік;
- ҰБТ сертификаты;
- 3×4 көлеміндегі фотосурет;
- жалпы орта білім туралы аттестат немесе техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының түлектері үшін диплом;
- жеңілдетілген санат бойынша конкурсқа қатысатын талапкерлер үшін растайтын құжаттар;
- B167 «Ұшу аппараттарын және қозғалтқыштарды ұшырып пайдалану» білім беру бағдарламасына түсушілер үшін дәрігерлік ұшу-сараптамалық комиссиясының медициналық куәландыру қорытындысы.
Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, 2026-2027 оқу жылына бакалавриат бағдарламалары бойынша 75 371 мемлекеттік білім гранты бөлінген. Гранттардың білім беру бағдарламалары бойынша бөлінісі орталықтың ресми сайтында жарияланған.
Талапкерлер құжаттарын электрондық үкімет порталы (eGov.kz) арқылы немесе жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларына барып тапсыра алады.
Айта кетейік, грант конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау 20 шілдеде аяқталады. Сондықтан талапкерлер қажетті құжаттарды алдын ала дайындап, белгіленген мерзімде өткізуі тиіс.





