Жаз шыққан сайын демалушылардың бет алатын басты бағыттарының бірі – Алакөл жағалауы. Соңғы жылдары көл маңы туризмнің ірі орталығына айналып, мыңдаған адамды қабылдауда. Биыл да шомылу маусымы жаздың алғашқы айында басталып, қыркүйекке дейін жалғасады деп жоспарлауда. Демалыс орындарында үш мезгіл тамағымен бірге бір тәулік тұру құны орта есеппен 20 мың теңгеден басталады.
Алайда сапарға шығар алдында өңірдің табиғи ерекшелігін, климаттық жағдайын, жол қатынасын және демалыс құнын алдын ала бағамдап алған жөн.
Жетісу мен Абай облыстарының шекарасында орналасқан Алакөл – еліміздегі ең ірі тұйық көлдердің бірі. Бірнеше өзен құйғанымен, сыртқа ағып шығатын арнасы жоқ. Осы ерекшелік оның минералдарға бай тұзды суын қалыптастырған.
Көл суының түсі де өзгеше. Ашық аспанда көгілдір реңкке енсе, бұлт үйірілген шақта сұрғылт тартады, ал дауылды күндері қара қошқыл түске боялады. Табиғаттың осы құбылысы Алакөлді көрген жанның назарын бірден өзіне аударады.
Мамандар көл суы мен емдік балшығының буын, тері және тыныс жолдарына оң әсерін көптен бері айтып келеді. Жусан исімен аңқыған таза ауа, кең жазира дала мен тұзды толқындардың үйлесімі бұл өңірді отандық туризмнің тартымды орталығына айналдырды.
Алакөл жағалауының климаты шұғыл континенттік сипатқа ие. Сондықтан демалыс мерзімін дұрыс таңдау жайлылыққа тікелей ықпал етеді.
Мамырда ауа температурасы 15-20 градус аралығында болғанымен, су салқын болады. Бұл кезеңде туристер аз, қызмет көрсету орындары толық іске қосылып үлгермейді.
Негізгі шомылу кезеңі маусымнан қыркүйекке дейін жалғасады. Маусым айында ауа 25-30 градусқа дейін жылынады. Дегенмен көл суы біртіндеп жылитындықтан, желді күндер жиі.
Ал шіліңгір шілдеде демалыс қызады. Ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріліп, су 24-26 градусқа деңгейіне жетеді. Шомылуға ең қолайлы кезең де осы уақыт.
Тамызда да жылы болады. Күннің қызуы сәл бәсеңдегенімен, су температурасы жоғары деңгейде қалады.
Ал қыркүйек «мақпал маусымымен» ерекшеленеді. Демалушылар қатары сиреп, бағалар төмендей бастайды. Ауа 18-25 градус шамасында болғандықтан, тыныштықты қалайтындар үшін бұл мезгіл қолайлы.
Сарапшылардың айтуынша, суға түсу мақсаты бар саяхатшылар үшін ең тиімді уақыт – шілденің ортасынан тамыздың соңына дейінгі аралық.
Алакөлге автокөлікпен де, әуе және теміржол қатынасы арқылы да баруға мүмкіндік жасалған. Жетісу облысы жағынан келушілер көбіне Үшарал бағытын таңдайды. Талдықорған-Өскемен күре жолы арқылы жетіп, одан әрі Үшарал-Достық тасжолымен көл жағалауына шығады.
Әуе көлігін пайдаланушылар үшін Алматы мен Астанадан Үшарал және Үржар бағыттарына тұрақты рейстер қарастырылған. Ұшу ұзақтығы шамамен бір жарым сағатқа жуық. Билет құны орта есеппен 20-30 мың теңге көлемінде.
Теміржолды таңдаған жолаушылар Алматыдан Достық бағытына қатынайтын пойыздарға мінеді. Жол шамамен 16-17 сағатқа созылады. Астанадан қатынайтын пойыздарда бұл уақыт 22-23 сағатқа дейін жетеді. Демалушылар Ақши немесе Көктұма стансыларында түсіп, әрі қарай курорттық аймақтарға бара алады.
Алакөлдегі қызмет көрсету бағасы бірнеше факторға тәуелді. Маусым уақыты, жағалауға жақындығы мен ұсынылатын қызметке байланысты.
Бюджеттік деңгейдегі демалыс орындарында тәуліктік төлем шамамен 12 мыңнан 22,5 мың теңгеге дейін барады. Мұндай нысандарда қызмет түрлері шектеулі болғанымен, негізгі қажеттіліктер толық қамтылады.
Орташа санаттағы кешендерде кондиционер, балалар алаңы, бассейн және үш мезгіл тамақтану қарастырылған. Мұндағы баға тәулігіне 22-25 мың теңге аралығында.
Ал инфрақұрылымы дамыған, жағажайға жақын орналасқан заманауи демалыс орындарында тариф әлдеқайда жоғары. Әсіресе шілде айында сұраныс артқан кезде құн бірнеше есеге дейін өсуі ықтимал. Сондықтан мамандар бөлме бағасынан бөлек, оған кіретін қызметтердің толық тізіміне назар аударуға кеңес береді.
Көл жағалауында су мотоциклі, катамаран, қайық серуені сынды қызметтер ұсынылады.
Кейбір демалыс орындары емдік балшық процедураларын, термалды бұлақтарға экскурсиясын ұйымдастырады.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





