Мемлекет басшысының Жарлығымен Марат Сұлтанғазиев Алматы облысының әкімі лауазымынан босатылды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Ақордаға сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, аймақ басшысының қызметтен кетуіне байланысты жаңа кадролық шешімдер қабылданбақ. Осыған дейін Алматы облыстық мәслихатының депутаттары 4 қыркүйекте Қонаев қаласында кезектен тыс отырысқа жиналатыны хабарланған еді. Аймақ халық қалаулылары жиында облыстың жаңа әкімін тағайындау мәселесін талқылап, үміткер кандидатты мақұлдайды.
Алматы облысы ел экономикасы үшін стратегиялық маңызы жоғары, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған, халқы тығыз орналасқан ірі өңірлердің бірі. Жаңа әкімнің тағайындалуы өңірді әрі қарай дамытуға, инфрақұрылымды жақсартуға, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеруге тың серпін береді. Басшылықтың ауысуы ашықтық пен сабақтастық қағидаттарына негізделе отырып, аймақтағы басталған ауқымды жобаларды сапалы аяқтауға мүмкіндік береді.
Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев – мемлекеттік басқару, қаржы және салық саласында мол тәжірибесі бар білікті маман. Ол Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, Қазақ мемлекеттік заң академиясын және Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін бітірген. Экономист, қаржыгер, заңгер мамандықтарын меңгерген, сондай-ақ бизнес әкімшілігі магистрі дәрежесіне ие.
Еңбек жолын Алматы қаласының Әуезов ауданында қатардағы салық инспекторы қызметінен бастаған. 2010 жылға дейін Алматы қалалық салық департаментінде жауапты лауазымдарды атқарды. Кейін Қаржы министрлігінде Салық және кеден заңнамасын үйлестіру, талдау мен кірістерді болжау департаментіне жетекшілік етті. 2012 жылы Президент Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг департаментіне ауысып, мемлекеттік жоспарлау ісіне үлес қосты. 2014 жылы Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы лауазымына тағайындалды.
Оның іскерлік қабілеті мен кәсібилігі жоғары бағаланып, 2018 жылдың қазан айында Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы болып бекітілді. Ал 2021 жылы Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі қызметін атқарды.
2022 жылдың 11 маусымында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Марат Сұлтанғазиев Алматы облысының әкімі болып тағайындалған еді. Ол аймақты басқарған кезеңде Қонаев қаласын облыс орталығы ретінде қалыптастыру, әкімшілік инфрақұрылымды реттеу, өңірге инвестиция тарту бағытында кешенді жұмыстар жүргізді.
Аймақтағы басшылықтың ауысуы – мемлекеттік басқару жүйесін жаңартудың заңды процесі. Жаңа тағайындау облыстағы әлеуметтік-экономикалық реформалардың оңтайлы жүзеге асуына, инвестициялық климаттың жақсаруына және халық пен билік арасындағы диалогтың нығаюына ықпал етеді. Алматы облысының жаңа басшысы туралы ақпарат мәслихат сессиясынан кейін қосымша жарияланады.





