Жүрек – адам ағзасындағы ең маңызды мүше. Оның бір сәтке тоқтауы тұтас тағдырды өзгертіп жіберуі мүмкін. Сондықтан жүректі емдейтін кардиохирургтердің еңбегі әрдайым құрметке лайық. Бүгінде облыстық кардиологиялық орталық өңір тұрғындарына ғана емес, еліміздің өзге аймақтарынан келетін науқастарға да жоғары технологиялы медициналық көмек көрсететін жетекші мекемелердің біріне айналды. Ашық жүрекке жасалатын күрделі операциялардан бастап, заманауи аз инвазивті емдеу тәсілдерін енгізуге дейінгі жұмыстардың барлығы кәсіби біліктілік пен зор жауапкершілікті талап етеді. Аймақта алғаш рет ауыр жүрек жеткіліксіздігіне шалдыққан науқасқа жасанды сол жақ қарыншаны (LVAD) имплантациялау операциясының сәтті жасалуы – өңір медицинасының үлкен жетістігі. Жүрекке жан бітіріп, үмітін үзген жандарға жаңа өмір сыйлап жүрген орталықтың бүгінгі тыныс-тіршілігі, жаңа технологиялары мен алдағы жоспарлары туралы облыстық кардиологиялық орталықтың директоры Нұрсан Сұрашев әңгімелеп берді.
– Нұрсан Сейітұлы, облыстық кардиологиялық орталыққа соңғы жылдары қандай жаңашылдықтар енгізілді?
– Біздің басты міндетіміз – облыс тұрғындарына және өңірге келетін азаматтарға халықаралық стандарттарға сай, сапалы әрі қолжетімді кардиологиялық көмек көрсету. Медицина бір орында тұрмайды. Сондықтан әлемдік кардиохирургиядағы жаңа технологияларды кезең-кезеңімен енгізіп келеміз. Соңғы жылдары ашық жүрекке жасалатын көптеген оталарды заманауи технологиялардың көмегімен жүзеге асыра бастадық. Аз инвазивті әдістерді кеңінен қолдану арқылы науқастардың отадан кейінгі қалпына келу мерзімі қысқарып, өмір сапасы жақсаруда.
Жыл сайын орталығымызда шамамен үш мыңға жуық ота жасалады. Оның бес жүзге жуығы жоғары технологиялы медициналық көмектің қатарына жатады. Мұндай оталардың кейбірінің құны 50 миллион теңгеге дейін жетеді. Алайда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің арқасында науқастар бұл көмекті тегін алады.
Жақында ғана Қарабұлақ ауылында тұратын 49 жастағы азаматқа жасанды сол жақ қарыншаны имплантациялау отасы сәтті жасалды. Бұл – жүрек қызметі қатты әлсіреген науқастардың өмірін сақтап қалатын ең күрделі технологиялардың бірі. Бүгінде облыста осындай көмекті қажет ететін оннан астам адам бар. Бұл – тек бір дәрігердің емес, кардиохирургтерден, анестезиологтардан, реаниматологтардан, кардиологтардан және орта буын медицина қызметкерлерінен құралған үлкен команданың еңбегі. Әр отаның соңында адам тағдыры тұр. Сондықтан біздің мамандар әрбір науқас үшін соңына дейін күреседі.
– Облыста жүрек-қан тамырлары ауруларының деңгейі қандай? Ең жиі кездесетін сырқаттар қайсы?
– Қазіргі таңда облыс бойынша жүрек-қан тамырлары ауруларымен диспансерлік есепте тұрған азаматтардың саны 90 мыңға жуықтайды. Жыл сайын орталықта және өңірдің басқа медициналық ұйымдарында 40 мыңнан астам адам ем қабылдайды. Ең жиі кездесетін аурулардың қатарында ишемиялық жүрек ауруы, артериялық гипертензия, жүрек қақпақшаларының ақаулары және жүрек ырғағының бұзылыстары бар. Өкінішке қарай соңғы жылдары жүрек аурулары «жасарып» келеді. Бұрын мұндай сырқаттар көбіне егде жастағы адамдарда кездессе, бүгінде 30-35 жастағы жастар арасында да жиілеп отыр. Бұған ең алдымен өмір сүру салтын дұрыс ұстанбау әсер етеді. Қозғалыстың аздығы, ұйқы режимінің бұзылуы, энергетикалық сусындарды шамадан тыс тұтыну, фастфуд пен майлы тағамдарға әуестік жүрекке үлкен салмақ түсіреді.
– Кардиологиялық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Біз үшін шалғай ауыл тұрғындарының сапалы медициналық көмек алуы өте маңызды. Сондықтан кардиолог дәрігерлер аудан-аудандарды тұрақты түрде аралап, тұрғындарды қабылдайды.
Мәселен, жақында Панфилов ауданына бардық. Қажет болған жағдайда науқастарды облыстық орталыққа шақырып, тереңдетілген тексерулер мен ем-шаралар жүргіземіз.
Бүгінде біздің орталыққа тек өз өңірімізден ғана емес, еліміздің басқа аймағынан да келіп емделеді. Соның ішінде Қызылорда облысынан арнайы келетін тұрақты пациенттер бар. Қазақстан бойынша кардиохирургиялық қызмет көрсететін қырыққа жуық орталық болса, біздің мекеме олардың ішінде үздік үштіктің қатарында.
Өткен жылы облыс әкімдігінің қолдауымен құны 700 миллион теңгеден асатын заманауи ангиографиялық аппарат сатып алынды. Алдағы уақытта құны 200 миллион теңге болатын жаңа буындағы ультрадыбыстық зерттеу аппараты алынса, диагностикалық мүмкіндігіміз одан әрі артады.
– Орталықта маман тапшылығы сезіле ме?
– Қазіргі уақытта кадр тапшылығы жоқ. Керісінше, біздің орталықта жұмыс істеуге ниет білдіретін жас мамандар көп. Себебі орталық еліміздегі жетекші кардиологиялық мекемелердің бірі саналады. Біз қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына да ерекше көңіл бөлеміз. Еңбекақы уақытылы төленеді, қызметкерлер тұрақты түрде марапатталады. Ең бастысы – мұнда кәсіби өсуге мүмкіндік мол. Сондықтан жастар тәжірибе жинап, жаңа технологияларды меңгеруге ұмтылады.
– Дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыру қалай жүзеге асырылады?
– Жыл сайын кемінде он дәрігеріміз Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында тәжірибеден өтеді.
Сонымен қатар мамандарымыз халық- аралық конгрестер мен ғылыми конференцияларға қатысады. Соңғы жылдары Франция мен Германиядағы жетекші клиникаларда болып, тәжірибе алмасты. Алдағы уақытта Қытайдың озық медициналық орталықтарымен де тәжірибе алмасуды жоспарлап отырмыз. Кардиохирургия – үздіксіз дамуды талап ететін сала. Сондықтан дәрігер үнемі ізденісте болуы керек.
– Инфаркт пен инсульттің алдын алу үшін халық нені білуі қажет?
– Ең алдымен, профилактикалық қадағалаудан уақытылы өту маңызды. Әсіресе 40 жастан асқан азаматтар жыл сайын скринингтік тексеруден өтуі тиіс. Көп жағдайда аурудың алғашқы белгілері байқалмайды. Бірақ скрининг кезінде қауіп факторлары анықталып, дер кезінде ем бастауға мүмкіндік туады.
Инфаркт пен инсульттің алдын алудың қарапайым үш қағидасы бар. Біріншісі – күн сайын жаяу жүру. Екіншісі – энергетикалық сусындардан және зиянды әдеттерден бас тарту. Үшіншісі – жыл сайын дәрігерлік тексеруден өтіп тұру.
Жүрек денсаулығы – ұзақ өмірдің кепілі. Сондықтан әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы керек.
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің пайдасы қандай?
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жоғары технологиялы медициналық көмектің қолжетімділігін арттырды. Бұрын көптеген күрделі оталарды жасау қиын болатын. Қазір қажетті негіздемелер ұсынылса, қор тарапынан қаржыландыру қамтамасыз етіледі. Соның арқасында миллиондаған теңге тұратын оталар мен құрылғылар науқастар үшін тегін болып отыр. Бастысы – медициналық ұйымның даму жоспары болуы керек. Жаңа технология енгізуге ұмтылған мекемелерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі.
Жүрекке жасалатын әрбір ота – дәрігерлердің кәсіби шеберлігі мен адам өмірі үшін күресінің нәтижесі. Облыстық кардиологиялық орталығының кардиохирургтері күн сайын жүрегі сыр берген жандарға үміт сыйлап келеді. Заманауи технологияларды меңгерген білікті мамандардың еңбегі өңір медицинасының әлеуетін арттырып қана қоймай, жүздеген адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беруде.
Гүлжан ТҰРСЫН





