Әр халықтың болмысын айқындайтын асыл қазынаның бірі – оның ана тілі. Өйткені ол ұлттың өткені мен бүгінін жалғап, рухани дүниесін ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін алтын көпір. Мемлекеттік мәртебеге ие қазақ тілі – тәуелсіздігіміздің айқын белгісі, елдігіміздің еңселі тұғыры.
Мемлекеттік тіл Тәуелсіз елдің негізгі рәміздерінің бірі. Кез келген өркениетті елдің өзінің Туы, Елтаңбасы, Әнұраны, шекарасы болатыны секілді мемлекеттік тілі де болады. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деп бекер айтпаған. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттік мәртебедегі қазақ тілі – ұлттық бірегейліктің басты тірегі.
Бүгінде егемен елімізде қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Білім беру мекемелерінде оқыту сапасы артып, мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Бұл – елдің ертеңіне салынған маңызды инвестиция. Алайда рухани қазынаның өркендеуі заңмен ғана өлшенбейді. Оның тағдыры әр шаңырақтағы тәрбиемен, әр азаматтың көзқарасымен сабақтас. Баланың бойына ана сөзінің нәрін сіңіру – отбасының басты міндеттерінің бірі. Өйткені ұлттың келешегі тал-бесіктен басталады.
Қазақ тілі – көркемдігі мен байлығы жағынан әлемдегі ең шұрайлы тіл. Сол байлықты қадірлеу, күнделікті өмірде кеңінен қолдану, кейінгі буынға аманаттау – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз.
Елдің мерейін өсіретін де, рухын асқақтататын да – ана тілі. Сондықтан ұлттық қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, абыройын әрдайым биіктете білейік!
Г. МАХАДИЛОВА,
облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған
ауданаралық сот әкімшісінің сот отырысының бас маман-хатшысы





