«Өнерді біл, өнерге ұмтыл замандас, қамдан, жатпа, заманыңмен хабарлас», – деп жыр дүлдүлі Ілияс Жансүгіров ұран еткен аталы сөздің өресінен табылған өрендеріміз жетерлік. Әр ауылда талантты жастар қанат қағып келеді. Олар өнерге ұмтылып, білімнің балауызын тұтатып, ғылымның шырағданын жағуға осы бастан ынталы екенін жетістіктерін санамалай отырып бағамдай аламыз. Сондай талантты, талапты жастардың бірегейі деп жетісулық оқушылар арасынан іріктелген 41 өренді айрықша атап өтуге негіз бар. Олар IQanat республикалық олимпиадасының финалында өңір намысын қорғамақ.
Білім жолында өз қабілетін ерекшелеп, сан додада сақпанның тасындай зыр қағып межелі мәреден табылар жастардың барына сүйсінесің. Жас жетісулықтар бірнеше іріктеу турларын ойдағыдай еңсеріп, енді беделді IQanat High School of Burabay мектебінде оқу гранттары және үш жылдық білім беруді сүйемелдеу бағдарламасынан өту құқығы үшін таласады деудің өзі сүйінісіміз бен үкілі үмітімізге лайықты теңеу іспетті. Міне, осы даңғылдан табылған дарынды 41 өреніміз 18-24 маусым аралығында Алматы қаласында өтетін аталған додада бақ сынайды.
Еліміздегі ең ірі жобалардың бірі саналатын байқаудың қорытынды кезеңіне Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі ауылдық жерден келген 1100 оқушы қатысады. Ал бұл додаға бұған дейін өңіріміздің оқушылары шамамен 2400 мектеп шәкірті қатысқан көпсатылы іріктеудің қорытындысы бойынша үздіктер қатарынан көрінді. Облыстық кезеңге 400-ге жуық оқушы өткен болса, финалға ең мықты әрі ынталы қатысушылар ғана жолдама алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, IQanat финалы – жай ғана олимпиада емес, ауыл балаларының өмір жолын өзгертуге мүмкіндік беретін бірегей білім алаңы.
Бас жүлде елдің жетекші мектептерінің бірі – IQanat High School of Burabay-да оқуға арналған гранттар. Мұнда оқу құны жылына бірнеше миллион теңгені құрайды. Финалистердің бір бөлігі мектеп-интернатта тегін оқуға мүмкіндік алады, ал қалғандары Олимпиададан кейінгі үш жылдық білім беруді сүйемелдеу бағдарламасына қатысады. Аталған бағдарлама аясында оқушылар ҰБТ мен халықаралық емтихандарға дайындалып, ағылшын тілін, IT дағдыларын, кәсіпкерлікті, soft skills (икемді дағдыларды) және басқа да сұранысқа ие бағыттарды меңгереді. Олардың жетістіктерін жоба тәлімгерлері мен оқытушылары бақылап, қолдау көрсетеді.
Өрендеріміз Талдықорған қаласынан үлкен додаға аттанар сәтте тілдесіп, олардың жарысқа дайындығы, алдағы мақсаты туралы сұраған едік. Соның бірі – Алакөл ауданындағы Қабанбай батыр атындағы орта мектептің оқушысы Айзере Серікбай:
– Біз білім алып, қорытынды тестілеуге дайындаламыз. Сонымен қатар бізді қызықты мәдени бағдарлама күтіп тұр. Алматы қаласын аралап, жаңа адамдармен танысып, достар табамыз. Бұл мүмкіндікті көптен күттім және мектебімнің, ұстаздарымның әрі Алакөл ауданының намысын лайықты қорғауға тырысамын, – деп ағынан жарылды.
Айзеренің айтуынша, оған әсіресе peer-to-peer бағдарламасы қызықты. Бұл бағдарлама аясында IQanat-тың жоғары сынып оқушылары мен түлектері кіші қатысушыларға олимпиадаға дайындалуға көмектесіп, өз тәжірибелерімен бөліседі. Айзере физика бағытын таңдаған.
Қатысушылармен бірге жүргендердің қатарында жақында 10-сыныпты аяқтаған тьютор Айерке Дүйсенбай да бар. Ол тәлімгерлік жұмысына белсенді араласып, олимпиада барысында қатысушыларға Қазақстан тарихын оқуға көмектеседі.
Облыс бойынша жоба үйлестірушісі Дидар Өнерхановтың айтуынша, аймақ жақсы нәтиже көрсетуге үмітті. Шамамен 10 қатысушы жүлделі орынға үміткер бола алады. Бұл ретте біз де облыстың намысын ту қылып ұстап, талабы мен білігіне, біліміне сеніп кеткен өрендерге жеңіс пен сәттілік тілейтініміз анық.
Арда би





