Адамзат тарихында беделі биік, бағасы өлшеусіз марапаттар аз емес. Дегенмен дүниежүзінің зиялы қауымы көз тігетін, ғылым мен әдебиет, бейбітшілік пен адамзат игілігіне арналған ең мәртебелі сыйлықтың бірі – Нобель сыйлығы. Бұл марапат, әрине, ақшалай сыйақы немесе атақ-даңқтың белгісінен бөлек, адам ақыл-ойының, шығармашылық қуатының, рухани ізденісінің әлемдік деңгейде мойындалуы.
Нобель сыйлығының тарихы швед өнертапқышы, химик әрі кәсіпкер Альфред Нобельдің есімімен байланысты. Өмірінің соңында жазған өсиетінде ол өз дәулетінің басым бөлігін ғылымға, әдебиетке және бейбітшілік ісіне ерекше үлес қосқан тұлғаларды марапаттауға арнауды тапсырған. Содан бері бұл сыйлық адамзаттың ең жоғары зияткерлік жетістіктерін бағалайтын халықаралық өлшемге айналды.
Қазіргі таңда Нобель сыйлығы физика, химия, медицина, әдебиет, экономика және бейбітшілік салалары бойынша табысталады. Оның ақшасы да қомақты. Алайда марапаттың құнын арттырып тұрған қаржы мөлшері емес, оған ие болған адамның әлемдік қауымдастық алдындағы беделі мен еңбегінің салмағы.
Статистикалық деректерге сүйенсек, Нобель сыйлығының лауреаттары арасында еврей ұлтының өкілдері айрықша орын алады. ХХ ғасырдың басынан бері бұл марапатқа ие болғандардың едәуір бөлігі осы халықтың перзенттері. Мұның сыры олардың ғылым мен білімге, зерттеу мен жаңашылдыққа, әдебиет пен мәдениетке ерекше көңіл бөлуінде жатыр. Көптеген мемлекеттер ғылым мен технологияға қомақты қаржы құйып, таланттарды қолдауды ұлттық саясаттың маңызды бағытына айналдырған. Өкінішке қарай, қазақ әзірге Нобель сыйлығының лауреаттарын шығармаған елдердің қатарында. Бұл қазақ даласында талант жоқ деген сөз емес. Керісінше, халқымыздың рухани мұрасын парақтасақ, әлемдік деңгейде бағалануға лайық туындылар мен тұлғалар жетерлік.
Мәселен, қазақ прозасының заңғар шыңы саналатын Мұхтар Әуезовтің шығармашылық әлемі тұтас бір өркениеттің көркем шежіресі іспетті. Оның «Көксерегінің» өзі неге тұрады?! Ал Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» қазақ әдебиетіндегі нәзік лиризм мен адам тағдырын бейнелеудегі шеберліктің озық үлгілерінің бірі.
Ауыл өмірінің тынысын, адам жанының қалтарысын ерекше суреттеген Оралхан Бөкейдің «Апамның астауы», Сайын Мұратбековтің «Жусан исі» мен «Жабайы алмасы» шоқтығы биік шығармалар. Одан бөлек, классик жазушы Асқар Сүлейменовтің «Бесатары» ұлттық әдебиеттің алтын қорынан орын алған жауһар туынды. Ал Төлен Әбдіктің «Оң қолы» адам психологиясының терең қатпарларын ашқан тосын туынды ретінде әлемдік әдеби үдерісте де өз бағасын алуға лайық шығарма. Осы сияқты ұзын-сонар тізім жалғаса береді.
Шын мәнінде мәселе шығармалардың көркемдік деңгейінде емес. Негізгі түйткіл қазақ әдебиетінің әлем тілдеріне жеткілікті дәрежеде аударылмауында. Әлем жұртшылығы білмеген шығарманы бағалай алмайды. Кез келген туындының тағдыры оның оқырманымен өлшенеді. Ал оқырманға жол ашатын көпір – сапалы аударма.
Жуырда Қырғызстанға Нобель сыйлығының лауреаты, қытайлық белгілі жазушы Мо Яньның келуі үлкен мәдени оқиғаға айналды. Айтматовтың елінде қаламгерге көрсетілген құрмет, әдебиетке деген ықылас көпшілікті сүйсіндірді. Бұл жағдай тағы бір шындықты аңғартты: ұлт әдебиеті әлемдік кеңістікке шығуы үшін ең алдымен мемлекет пен қоғам әдебиеттің қадірін терең түсінуі қажет.
Қазақ әдебиеті Нобель сыйлығына лайық шығармаға кенде емес. Бізге жетіспейтіні – әлемге ашылатын кең өріс, жүйелі насихат және кәсіби аударма мектебі. Ұлттық сөз өнерінің інжу-маржандарын жаһандық оқырманға ұсынатын уақыт әлдеқашан жеткен. Соны шындап қолға алсақ қазақ қаламгерлерінің туындылары әлемдік әдебиет төрінен өз орнын алып, ұлт руханиятының абыройын асқақтатары сөзсіз.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





