«Жықсаң бәйге аласың алысқанда, қару қып, қайратың сап қарысқанда» деп Сұлтанмахмұт Торайғыров жырлағандай қазақ қашанда мықты балуанын көкке көтеріп, мәртебесін өсіріп, мерейін асырған. Ақтық белдесуде бағы жанғанға арнайы жүлде тағайындап, сый-сияпатты аямаған. Сұлтанмахмұт өлеңінде «Жықпасаң да күресіп талаптансаң, «Еті тірі, жаужүрек жан» деп айтар» деген жол бар. Ал көп алдында әдіс-айла, қайсарлығымен көзге түсіп, шешуші сәтте жеңісті уысынан шығарып алғанды да арқасынан қағып, шама-шарқынша құрмет көрсеткен. Бүгінде қазақ күресі заман ағымымен түрленіп, соған сай балуандарымызға да жүлде тағайындалады. Әсіресе республикалық «Қазақстан Барысы» жобасына қатысып, жеңіске жету – кез келген балуанның арманы. Ал оған дейін ауыл-аймақтағы іріктеуде күш сынасып, өз елді мекенінің атынан жолдама алу үшін арнайы сатылардан өтеді.
Біз жоғарыда Сұлтанмахмұт ақынның өлең жолдарын негізге алуымыздың өз сыры бар. «Бір балуанға қарап» деп аталатын өлең – тұнып тұрған қайрау. «Тұрмысы бұл дүниенің күреспен тең, Тәуекел, күреске түс, бар-дағы жең» деп келетін өлеңі біздің бүгінгі балуандарымызға айтылғандай әсер қалдырды. «Қазақстан Барысы» жобасына аймақтағы іріктеу сән салтанатпен өтіп, жеңіске жеткенді жиналғандар алқалап, бата-тілекпен республикалық сынға шығарып салу дәстүрі үзілген емес. Өңіріміз жылдағы дағдымен биыл да әуелі ауыл-ауылдан үздіктерді анықтап, артынша аудандағы мықтылардың басын қосып, «Жетісу барысы» турнирін жоғары деңгейде өткізді. Облысымыз өз еншісін алып, «Қазақстан Барысына» алғаш іріктеу жүргізгенде Руслан Әбдіразақ жеңіске жетіп, екінші орынды Жігер Сәкенұлы алды (екеуі республикалық турнирде күресті). Ал сол кезде қарсыластарынан қаймықпай, қимылдары ширақ, әдіс-тәсілі ерекше Нияз Ерсайын қола белбеуді таққан. Сонда «мен өзімді толық көрсете алмадым, келесі турнирлерде барымды саламын» деген болатын. Өзі айтқандай, одан кейінгі «Жетісу барысында» тек финалда күресіп келеді.
Балуанға жомарттық, керек кезде қайырымдылық жарасып тұрады. Ердің кеңдігі жаһанға мейірім сыйлайтындай. Нияз Ерсайын 2024 жылы «Жетісу барысында» алғаш рет жеңіске жеткенде (финалда қараталдық Дурсун Хасен-Оглыны жеңді), алған 5 миллион теңгенің жартысын сол кезде су тасқынынан зардап шеккен Батыс Қазақстан жұртына аударды. Бұл ісі үшін қолын алып, ірі турнирлердің біріндегі алғашқы ақшасын қайырымдылыққа жұмсағанын жақсылыққа балағанбыз. Одан кейін 2025 жылы финалда жас балуан Бекарыс Сәдуақастан жеңіліп, күміс белбеу алды. Ал биыл жетісулықтар үлкен шоу күткендігі анық. Балуандар қазақ күресінің озық үлгісін көрсетіп, жұртшылықты тамсандырды. «Жастар» спорт сарайында өткен турнирге 8 аудан мен Талдықорған, Текелі қалаларынан електен өткен балуандар қатысты. Финалда осы жолы Нияз Ерсайын бауыры Бекарыс Сәдуақасты ұтты. Жеңімпазға 1 500 000 теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталды. Турнир аясында арнайы номинациялар да болды. «Жеңіске деген жігері үшін» номинациясымен Айбол Жұмағалымов марапатталып, 100 000 теңге алды. Ал «Ең жас спортшы» номинациясы Жансұлтан Ердосұлына табысталды. Айта кетейік, «Жетісу барысы – 2026» жеңімпазы алдағы уақытта Жетісу облысының намысын қазақ күресінен 15 тамызда Астанадағы «Жекпе-жек сарайында» өтетін «Қазақстан Барысы» республикалық жобасында қорғайды.
Жарыс жоғары деңгейде өтті. Қарсыласымның барлығы да мықты болды. Былтыр Бекарыс бауырыма финалда ұтылып едім. Есемді биыл қайтардым. Енді Бекарыс екеуміз «Қазақстан Барысына» барып, облыстың намысын қорғаймыз. Бүгін қолдау көрсетіп келгендерге алғыс айтамын. Турнирге дайындығым жақсы болды. Енді шешуші кезеңде барымызды саламыз, – дейді жеңімпаз.
Бүгінде облыстағы дене шынықтыру және спорт басқармасының тізгінін ұстап отырған тұңғыш «Қазақстан Барысы» (2011 жыл) және кейіннен Жетісу жерінің атынан күресіп 2017 жылы күміс тайтұяқты алған (одан кейін талдықорғандықтардан ешкім ондай межеге бармады) Ұлан Рысқұл :
Бұл бәсеке аймақтағы ең мықты балуандардың күш-қайраты мен шеберлігі сыналатын, намыс пен рух таразыға түсетін жарыс. Жеңімпаз Жетісудың намысын абыроймен қорғап, республикалық додада облысымыздың мерейін үстем етсін! – дейді.
Жетісулықтарды «Қазақстан Барысы» турнирінде тұғыр төрінде көрмегенімізге көп болды. Сұлтанмахмұтша балуанды қайрап, қанаттандырып финалдық кезеңде жақсы нәтиже көрсетуіне тілектестік білдірген түріміз. «Жетісу барысы – 2026» турнирі өтіп жатқанда облыстағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт:
Бүгінде ел іргесі мығым, еңсесі биік мемлекетке айналып келеді. Мемлекет басшысы атап өткендей, біз – Алтын Орданың заңды мұрагері, ұлы тарихтың ізбасарымыз. Өткен жылы Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өте жоғары деңгейде өтті. Әлемнің 90-нан астам елінен келген спортшылар сайысқа түсіп, ұлттық рухымызды бір көтеріп тастады. Бұл жарыстардың түпкі мәні – елдігімізді ұлықтау. Ал қазақша күресті олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізу – ең үлкен арманымыз. Болашақта төртжылдықтың басты додасында қазақша күрестен сайыс өтіп жатқанын естісек, төбеміз көкке жетер еді. Жастардың рухын көтеріп, жігерін жани берейік! – деді.
Бүгінгі балуандардың осы тұрғыда мойындарында үлкен жауапкершілік бар. Келешекке қазақ күресін көрсетіп, көк қанаттардың қызығушылығын оятып, бәсекені арттыра түссе – нағыз алтын көпір болар еді. Балуандарымыз барынша кілем үстінде алысып, күрестің барлық әдісін көрсетіп, жиналғандардың айызын қандырып келеді.
Үнемі өзін бақылауда ұстап, жаттығу барысын қадағалап, қарсыластарын зерттеп, даму үсінде жүретін Нияз Ерсайын биыл Жетісу облысының атынан үшінші жыл «Қазақстан Барысына» қатысады. Ер кезегі үшке дейін деп жатады. Егер рас болса жетісулық балуан Астана төрінде атой салуы керек.
Серік ҚАНТАЙ





