Ес біліп, еңсе тіктеген шағында туған елінің ауыр хәлін көріп, оның экономикалық дағдарысты бастан кешіп жатқанын сезінген қаршадай ұл еңбекке тым ерте араласты. Байтақ Американың адамға ұсынар азғантай талғажауын таңдайға татып көру үшін білек сыбанды. Осылайша қиялында сағым ойнап, арманында алау тұтанар боздәурен шақтың әр айын, әр аптасын жаңаша жұмыспен бастауға тура келді. Джон Гриффит Чейни деген толық есімінің орнына әлем басқаша атпен танитын классик жазушы жастығының әр күнін таңғы және кешкі газеттерді сату, консерві фабрикасында жұмысшы, сыра павильондарында тазалықшы, теңізші, балықшы, киім үтіктеуші, кір жуушы секілді қызметтермен өткерді.
Туғанда қойылған есімі Джон Гриффит Чейни болғанмен, өмірге құлшынған, тасбауыр дүниенің тепкісін көре жүріп көксеңгір шыңдарға ұмтылған тірмізік хәлдің текті нұсқасындай қиянға қанат қақты. Есім-сойын дидар-ғайып дүниеде руханиятқа жанар қадаған дегдар оқырман өзгеше таныды.
Сонау 1876 жылы Сан-Франциско қаласында от жүрегін тулата өмірге келген сол дегдардың сойы – Джек Лондон еді. Шыны керек, қазақ оқырмандары арасында көбі әлем әдебиетінде ту қадаған классик жазушылардан Франц Кафка, Федор Достоевский, Лев Толстой, Джек Лондон, Виктор Гюго секілді алыптарды айрықша жақсы көріп, олардың қадау-қадау шығармаларын үнемі жыр қылып айтып жүреді. Мазмұнды мақалалар мен кітапқа қатысты ой-толғамдардың, бүгінге дейін жаһан классикасы жөніндегі сүбелі зерттеудің дені осы жазушылардың шығармаларына қатысты өрбіп жатады. Әлем сүйсінткен сол жазушылар ішінде мөлдір сезімді, адамның күрескерлік хәлі мен табиғаттағы тағдырлар тұрғысында айрықша тебіренген американдық қаһарманның қалам қарымы ерекше.
Джек Лондонның балалық шағы шынымен де Американың экономикалық дағдарысымен тұспа-тұс келді. Тірлікте талай іске білек сыбана кіріскен жазушының тұтас өмірі қара жұмыспен, жан бағыспен өтті деу қате болар еді. Қырық жылдық ғұмырының негізгі бөлігін саяхатпен өткізген Джек
Лондон мұхит кешіп, теңіз үстінде жылдарын өткерген. Тіпті ол алтын іздеп Аляскаға дейін барған.
Ғұмырбаяндық-хамсасын толғап отырсаң, жазушы өмірдің әр сәтінен ләззат пен телегей білім ала білген табиғаттың төл перзенті деп таныр едік. Мәселен, әлемге американдық жазушы, социалист, қоғам қайраткері, қызық оқиғалы әңгіме мен романдардың авторы ретінде танылған Лондон 1916 жылы өз туған Сан-Францискода шамадан тыс морфий қабылдау салдарынан бақиға аттанады. Небәрі қырық жасында. Ал оғанға дейін шыққан сапарларының, басқан материк пен кешкен мұхит, теңіздерінің бәрін қаз-қалпында шығармашылығына айналдыра білген. Алтын іздеу жолында сонау мұз құрсанған Аляскаға дейін сапарлаған ол, көрген-білген оқиғаларын өз шығармаларында шебер қолдана білді. Танымын кеңейткен ұзақ сапардан соң «Қасқырдың баласы», «Аяз балалары», «Қар қызы», «Теңіз қасқыры» (бұл кітабы көбіне «Теңіз қорқауы» деген атпен де басылып шыққан, ал негізгі түп-нұсқасы «Морской волк»), «Ақ азу» секілді шығармалар жазған. Бұдан да бөлек сапар кешкен ол негізгі саяхатының түп бастауындағы тырнақалды туындысын – «Жапон жағалауындағы Тайфун» атты очерктен бастаған.
Иә, Джек Лондон жазушылық ғұмырды о бастан армандаған, мақсатты түрде қаламгерлік сүрдекті таңдаған жан деп бізге дейін ешбір адам айтқан емес. Біз де бұл тұрғыда «балауса күннен әдебиетке құмартып, осы жолда терсіңді еңбек етсем деген дегдарлар санатында Лондон болды» деп тұжырымдамас едік. Талай жерге саяхат жасап, кедейліктің кендір жібін үзуге талпынған ол қара жұмыспен қарық болмасын білді. Содан барып 1894 жылы, яғни 18 жасында бейопа тірлікте қарапайым халық ретінде қызмет істеп қалтасын қампайта алмасын терең ұғынды. Содан бастап жазушы болуға саналы түрде бел байлайды.
Зерттеулерге үңілсек, Джек Лондон ең алғаш Маркс пен Энгельстың «Коммунистік партия манифесін» оқып, соның әсерімен «Американың социалистік еңбек партиясына» кірген екен. Өмірден алған әсерімен қатар, табиғат сырына терең бойлай жүріп жазушы Спенсер, Дарвин, Ницшенің философиялық көзқарастарын жақтап, Стивенсон мен Киплингты өзінің рухани һәм әдеби ұстазы деп білген. Горькийдің шығармашылығын жоғары бағалаған.
Терең білімге шым батқан жас талант өз күшімен емтихан тапсырып, әйгілі Калифорния университетіне түскенімен, тірлік қамытының кедейлік деген кендір жібімен шырмалған мойыны қаржы табуға мүмкіндік бермеген. Амалсыз, ақша таба алмаған әлемнің классигі осылайша, небәрі 1 жарым жылға, яғни 3-семестрге жеткен студенттік ғұмырын тамам етіп, университетті жалғастыра алмай қалған.
Дүние дидарын бұрып, жанарын салып қадаған әдебиеттің әлемдік деңгейдегі алтын кені американдық жазушылардың шығармасы болған уақытта Джек Лондон екілене еңбек етті. Шығармашылық үстелінде ашқұрсақ отырып, айықпас дертке душар болған ауыштың хәлінде маңдай терін шүмектетті. Осылайша, бар мен жоқтықтың, аштық пен тоқтықтың күресінде шыңдалған ол, аз жылда америкалық басылымдардың назарына ілікті. Мардымсыз табысы үлкен қаламақы талап ететін мүмкіндікке жол ашты. Даңқ пен атаққа ие болды.
Жазушы шығармаларына келер болсақ, бізге «Мартин Иден» романы ерекше әсер еткенін, бұл шығарма адам мақсатының берік, арманының айқын болған шағында оған керекті ең басты қасиет – күрескерлік пен табандылық екенін нұсқаған ғажайып туында екенін айтпасқа лаж жоқ.
Романға аз-кем тоқталып өтейік. Мартин Иден – кедей отбасынан шыққан қарапайым теңізші, байдың баласын бұзақылардан аман алып қалып, ақсүйектердің әулетіне кешкі асқа шақырылады. Жоғарғы тап өкілдерінің арасында өзін қалай ұстарын білмей, үстіндегі шоқпытынан ұялып, әрі-сәрі күй кешеді. Қабырғадағы суреттерге, кітаптың көптігіне қайран қалады, сол үйдің хор қызындай аппақ, аққудың көгілдіріндей сүйкімді бойжеткеніне ғашық болады. Олардың әңгімесі, бір-бірімен сөйлесуі, жүріс-тұрысына қарап қатты қызығады. Сол сәтте Мартин алдына «оқимын, білім аламын, зиялылардың қатарына қосыламын» деген мақсат қояды. Бұған жету жолында біраз қиындықты бастан өткерді. Артық қаражаттың жоқтығы оған үлкен кедергі болды. Апталап тамақ ішпей, жазған-сызған дүниелері ешқандай басылым беттеріне шықпайды. Қаламақы үшін редакторлармен жанжалдасып, велосипедін, сырт киімін кепілге қалдырып, соңғы ақшасын тамаққа емес, жазу машинкасына жұмсайды. Ақша үшін айлап теңізге шығып, қайтадан қаламын қолына қапсырады. Кітапты сылтауратып, әлгі бойжеткеннің үйіне баруды да ұмытпайды. Көңілдері жарасып, үйленуге ұсыныс жасаған кезде, бойжеткен «асыраушым сен емес» дегендей ұсынысынан бас тартады.
Осылайша соқтықпалы, соқпалы соқпақ кешкен Мартинді тәңір жарылқайды. Бір күні журналға әңгімесі шығып, екі жыл бойы жіберген хаттары бірінен соң бірі жарық көре бастайды. Кітаптары әлемге таралып, гонорары өсіп, аты таныла бастағанда, Оклендтің бай-бағландары арнайы қонаққа шақыратын, жаппай мақтайтын болды. Сүйген қызы Руфь Морз да кешірім сұрап, бәрін қайта бастауды қалайтынын жеткізеді. Қазынаның алтын кілті қолына түскен Мартин сол сәтте қарны аш кезде тойдырмаған, атақсыз кезде адами құрмет көрсетпеген дүниеден баз кеше бастайды. Көксеген байлық пен даңққа жетіп, шыңға шыққанда ой шыңырауына «гүмп» етіп құлайды. Адалдық пен пәктік, адамдық пен парасаттылық, шынайылық пен жұмсақтық секілді қасиеттің бәрі даңқты, атақты, бай мен бағландар санатында емес екенін ұғынады. Өзін емес, құрметін, сыйын, абыройын сүйген қыздан да жериді. Амалы таусылып, ақылы мұхиттай сапырылған ол ақырында жазудан да, тірліктен де жеріп, өзін кеме иллюминаторынан көк теңізге лақтырып жібереді.
Бүгінгі таңда заманауи психологияда Джек Лондонның романымен аттас «Мартин Иден синдромы» деген ұғым бар. Адамның жақсы өмір сүре отырып өз тірлігінен жеруі деп бірауыз сөзбен тұжырымдауға болады. Ең үздік шығарма саналған «Мартин Иденнің» яки, Джек Лондонның құрметіне аталған синдром. Осыдан-ақ жазушының қиын тағдырынан түзіліп барып ғылыми өріске түскен дүниенің маңыздылығына, жазушы қаламының қуатына ой жіберіп көріңіз…
Жазушы туындылары туралы қысқаша толғайтын болсақ, «Ақ азу» романын атап өтпеске болмас. Бұл Джек Лондонның ең танымал шығармаларының бірі. Романның басты кейіпкері Ақ азу – қасқыр мен иттің буданы. Шығармада оның қатал табиғаттағы өмірі, адамдармен кездесуі және мейірімді жанның қамқорлығының арқасында мінезінің өзгеруі баяндалады. Автор табиғаттың қатал заңдарын, тіршілік үшін күресті және мейірімділіктің кез келген жан иесіне әсер ететінін көрсетеді. Бұл шығарма оқырманды жануарларға қамқорлықпен қарауға және жақсылықтың күшіне сенуге тәрбиелейді.
Бұдан кейінгі үздік шығармалардың бірі «Тектік сарын» («Зов предков») повесті. Шығармада Бэк атты иттің оқиғасы баяндалады. Ол жайлы өмірден айырылып, Солтүстік Американың қатал табиғатына тап болады. Түрлі қиындықты бастан кешірген Бэк уақыт өте келе өзінің табиғи түйсігін қайта тауып, түз тағысына айналады. Бұл шығарма еркіндікке ұмтылу, бейімделу және өмірдің сынақтарына төтеп беру идеяларын ашады. Ал шағын әңгімеден тартып күрделі романдарға дейін қалам тартқан Лондон шығармаларының ішінде әлем оқырмандарының сүйікті туындысына айналған «Теңіз қорқауы» – нағыз классика. Бұл романында оқиға теңізде өрбиді. Бас кейіпкер Хамфри Ван Вейден теңіз апатынан аман қалып, капитан Вулф Ларсеннің кемесіне түседі. Капитан өте ақылды, бірақ қатыгез әрі қатал адам ретінде суреттеледі. Романда күш пен ақылдың арақатынасы, адам өмірінің мәні, билік пен еркіндік мәселелері қозғалады. Бұл шығарма оқырманды адамның мінез-құлқы мен өмірлік ұстанымдары туралы терең ойлануға жетелейді.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ





