2001 жылы Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласы болып белгіленуіне байланысты облыстық деңгейдегі мемлекеттік мекемелерде жаңа жұмыс орындары ашылды. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Алматы аумақтық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне өз мамандығым – экономист-менеджер бойынша жетекші маман болып жұмысқа орналастым. Осылайша мемлекеттік қызметтегі еңбек жолымды 2001 жылғы 1 қазаннан басталды.
Бір жылдан кейін бас маман лауазымына тағайындалып, 2003 жылы Алматы қаласында Жетісу аймақтық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің ашылуына байланысты сол мекемеге ауыстым. 2005 жылдың соңында қайтадан Алматы аумақтық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне қызметке келдім. 2013 жылғы қараша айынан бастап бөлім басшысы лауазымында еңбек етіп келемін.
Мемлекеттік қызметші ретінде биылғы жылы еңбек өтілімнің 25 жылға жетуі – мен үшін үлкен белес. Осы жылдар ішінде еліміздегі ауқымды экономикалық өзгерістердің, мемлекеттік басқару жүйесінің жаңғыруы мен цифрландыру үдерістерінің куәсі болдым.
Мемлекеттік қызметке алғаш келген жылдары жұмыс үдерісі қазіргімен салыстырғанда мүлде өзгеше еді. 2001 жылы монохромды мониторлар, матрицалық принтерлер, 3,5 дюймдік дискеталар қолданылса, бүгінде заманауи компьютерлер, көпфункционалды құрылғылар және ақпараттық жүйелер кеңінен пайдаланылуда. Бұған қоса заңнамалық база мен мемлекеттік органдардың функциялары да айтарлықтай өзгерді.
Мәселен, бұрын мемлекеттік мүлікті есептен шығару, жалға беру және сату жұмыстары негізінен қағаз құжаттармен жүзеге асырылатын. Жалға беру кезінде хабарландырулар газеттерге жарияланып, кәсіпкерлердің ұсыныстары жабық конверттермен қабылданып, шарттар арнайы журналдарға тіркелетін. Мемлекеттік мүлікті сату барысында да аукциондар тікелей залда өткізіліп, қатысушылар қолдарына нөмірленген карточкалар ұстайтын.
Қазіргі таңда бұл үдерістердің басым бөлігі электрондық форматқа көшті. Мемлекеттік мүлікті жалға беру кезінде бірыңғай есептеу әдістемесі қолданылып, төлемдер мен берешек туралы ақпаратты ақпараттық жүйелерден бақылауға болады. Ал мемлекеттік мүлікті сату электрондық сауда-саттық арқылы ашық түрде жүргізіледі. Қатысушы аукционға қашықтан қатысып, шартқа электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қоя алады. Бұл – мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды өзгерістер.
2014-2015 жылдары қызметімізге екі маңызды бағыт қосылды. Біріншісі – «Бірыңғай теңгерім ұстаушы» жүйесі. Оның аясында бірқатар мемлекеттік органдардың ғимараттарын күтіп ұстау, күзету, тазалау, коммуналдық қызметтерді төлеу, қызметтік автокөліктерді басқару сияқты шаруашылық функциялары орталықтандырылды. Бұл бюджет қаражатын үнемдеуге, қызметтерді тиімді ұйымдастыруға және аутсорсинг арқылы жеке кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік берді.
Екіншісі – тәркіленген мүлікті қабылдау, сақтау, бағалау және одан әрі электрондық сауда-саттық арқылы өткізу немесе мемлекеттік мекемелерге өтеусіз беру функциясы.
Бүгінде аталған мүліктер орталықтандырылған есепке алынып, олардың қозғалысы ақпараттық жүйелер арқылы бақыланады. Мұндай тәсіл мемлекеттік активтердің сақталуын қамтамасыз етіп қана қоймай, мектептерге, балабақшаларға және әлеуметтік мекемелерге қажетті мүлікті өтеусіз беруге мүмкіндік береді.
Меншікті тиімді басқару бюджеттің кіріс бөлігіне де тікелей әсер етеді. Департамент мемлекеттік мүлікті жалға беруден және республикалық меншіктегі объектілерді сатудан түскен қаражаттың толық әрі уақтылы есептелуі мен бюджетке аударылуын бақылайды. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттік мүлікті басқару саласы мемлекеттік аппарат пен нарықтық экономиканың арасындағы маңызды көпір болып табылады.
Мемлекеттік қызмет – үлкен жауапкершілікпен қатар абыройлы міндет. Мемлекеттік қызметші заң талаптарын сақтап қана қоймай, жоғары кәсібилік пен адамгершілік қасиеттерді де ұстануы қажет. Азаматтар мен ұйымдардың өтініштеріне уақтылы, нақты әрі сапалы жауап беру — мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаларының бірі. Сонымен бірге ұжымдағы өзара сыйластық, мәдениеттілік, түсіністік пен тәжірибе алмасу да қызметтің нәтижелі болуына ықпал етеді.
Мемлекеттік қызметтегі 25 жылдық еңбек жолымда әйелдік және аналық парызымды да қатар алып келемін. Алты баланың анасы ретінде «Күміс алқа» мемлекеттік наградасымен марапатталдым. Бұл — мен үшін үлкен мәртебе әрі отбасы мен қызметті қатар алып жүруге деген жауапкершіліктің белгісі.
Жоғары оқу орнын бітіріп, алғашқы еңбек жолымды осы мекемеде бастап, ширек ғасыр бойы бір салада қызмет ету – мен үшін үлкен мектеп. Осы жылдар ішінде кәсіби тәжірибе жинақтап, еліміздің дамуына өз үлесімді қосуға мүмкіндік берген мекеме басшылары мен әріптестеріме шынайы алғысымды білдіремін.
Мемлекеттік қызмет – елге қызмет ету. Ал мемлекеттік мүлікті тиімді басқару – мемлекет экономикасының тұрақтылығы мен бюджет қаражатының ұтымды пайдаланылуына тікелей ықпал ететін маңызды бағыт. Осы жауапты міндетті абыроймен атқару — әр мемлекеттік қызметшінің ортақ парызы.
Г. Ахамбаева,
Жетісу облысы бойынша мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің
заңды тұлғалармен жұмыс және мүлікті иелену бөлімінің басшысы





