«Қазгидромет» РМК мәлімдеуінше 23 маусым күні Жетісу облысында ауа райының қолайсыз құбылыстарына байланысты дауылды ескерту жарияланды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Синоптиктердің хабарлауынша, облыста солтүстік-батыстан жел соғады. Әсіресе Алакөл көлдері ауданында желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейіп, кей уақыттарда 23-28 метрге жетуі мүмкін.
Сонымен қатар өңірде күн қатты ысиды. Күндіз ауа температурасы 35-38 градусқа дейін көтеріліп, аптап ыстық сақталады. Осыған байланысты облыстың орталық, солтүстік және оңтүстік бөліктерінде жоғары өрт қаупі күтіледі. Ал облыстың шығыс және батыс аудандарында төтенше өрт қаупі сақталып отыр.
Жалпы, 23 маусымда еліміздің бірнеше өңірінде ауа райына байланысты ескерту жарияланды. «Қазгидрометтің» болжамынша, оңтүстік өңірлерде ауа температурасы 41 градусқа дейін көтерілсе, солтүстік аймақтарда шаңды дауыл соғып, найзағай ойнап, кей жерлерде бұршақ жаууы мүмкін.
Мамандар тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Аптап ыстық кезінде күн астында ұзақ жүрмеу, өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау және жел күшейген кезде сақтық таныту ұсынылады.





