Талдықорған қаласындағы «Салтанат сарайында» Мемлекеттік қызметшілер күні мен Қазақстан Республикасы Полициясы күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиын барысында өңірдің әлеуметтік-мәдени және қоғамдық дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар марапаттарға ие болды.
Салтанатты рәсімде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бұйрығына сәйкес мәдениет саласындағы жоғары жетістіктері үшін «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен әскери қызметшілер – 18404 және 21751 әскери бөлімдерінің мәдени-демалыс орталықтарының бастықтары, аға лейтенант Ильяс Рыспаев пен лейтенант Алмаз Джамагулов марапатталды. Құрметті марапатты иелеріне қала әкімінің қолынан табыстау рәсімі ерекше салтанатпен өтті.
Бұл марапат – мәдени-ағарту жұмыстарының маңыздылығын айқындайтын жоғары баға. Әскери қызмет пен мәдени қызметті қатар алып жүру үлкен жауапкершілікті және шығармашылық ізденісті талап етеді. Осы жолда қажырлы еңбек етіп, жеке құрамның рухани-адамгершілік тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосқан Ильяс Рыспаев пен Алмаз Джамагуловтың еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланды.
Қос офицер де әскери мәдениет саласында 18 жылдан астам еңбек етіп келеді. Осы уақыт ішінде олар әскери бөлімдердегі мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыруда, әскери қызметшілердің рухани әлеуетін арттыруда және патриоттық тәрбиені нығайтуда айрықша белсенділік танытты. Олардың бастамасымен көптеген мәдени жобалар жүзеге асып, әскери ұжымдар арасында шығармашылық орта қалыптасты.
Айта кетерлігі, Жетісу өңірінде алғаш рет әскери қызметшілер «Мәдениет саласының үздігі» атағына ие болып отыр. Бұл – әскери мәдениет қызметінің мәртебесін арттырып қана қоймай, сала мамандарының еңбегіне берілген зор құрметтің көрінісі.
Марапаттау барысында қала әкімі марапат иелерін құттықтап, олардың қызметтерін жоғары бағалады. Өз кезегінде марапат иелері көрсетілген сенім мен құрмет үшін алғыстарын білдіріп, алдағы уақытта да аянбай еңбек ететіндерін жеткізді.
Жетісу гарнизонының баспасөз қызметі






