Еліміздегі мектептерде оқушылардың смартфон пайдалануына қатысты жаңа тәртіп енгізу мәселесі талқылануда. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысының кулуарында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта мектептерде смартфон қолдануға қатысты ұсыныстар әлі де талқылану үстінде. Әсіресе, жоғары сынып оқушылары үшін бұл мәселе мұғалімдермен және сарапшылармен бірлесіп қарастырылып жатыр.
Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, жоғары сыныптарда бірқатар пәндер онлайн-платформалар арқылы оқытылады. Сонымен қатар оқушылар Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ), халықаралық SAT емтиханына және басқа да цифрлық білім беру ресурстарына дайындалады. Осыған байланысты жоғары сынып оқушыларына смартфон ұстауға толық тыйым салу әзірге қарастырылмаған.
– Жоғары сыныптарда көптеген пән онлайн-платформалар арқылы оқытылады, сондай-ақ ҰБТ мен SAT-қа дайындық жүреді. Сондықтан бұл тұстарды мұғалімдермен әлі де талқылайтын шығармыз. Ал өзге жағдайларда – 7-сыныпқа дейінгі оқушылар сабақ уақытында смартфондарын өткізуі керек болады, – деді министр.





