Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ұдайы орнықты даму бағытын ұстанып келе жатқанын айтып, қазіргі басты міндет – экономиканы және саяси жүйені жаңа жаһандық талаптарға дер кезінде бейімдеу екенін мәлімдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Мемлекет басшысының айтуынша, сыртқы экономикалық ахуалдың күрделілігіне қарамастан, өткен жылы Қазақстан экономикасы 6,5 пайызға өсіп, елдің ішкі жалпы өнім көлемі 300 миллиард долларлық межеден асты.
– Инвестиция тарту көрсеткіші бойынша еліміз Орталық Азиядағы көшбасшылық орнын сақтап отыр. Тікелей шетелдік инвестицияның жиынтық көлемі 150 миллиард доллардан асып, өңірге тартылған инвестицияның шамамен 70 пайызын құрады. Бұл жетістіктерге, ең алдымен, еліміздегі саяси тұрақтылықтың арқасында қол жеткіздік. Жалпыұлттық тарихи референдум нәтижесінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдадық. Бұл құжат бүгінде халықтық Конституция ретінде танылды. Негізгі заңның бүгінгі отырыс қарсаңында күшіне енуінің символдық мәні бар. Жаңартылған конституциялық нормалар инвесторлардың құқықтарын барынша жоғары деңгейде қорғайды, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бүгінде Қазақстан халықаралық бизнес үшін тартымды әрі заманауи институционалдық орта қалыптастырып келеді.
Президент инвестициялық рәсімдерді жеңілдету мақсатында «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаның іске қосылғанын да атап өтті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Инвестициялық штабтың қызметі инвесторлардың мәселелерін жедел шешуге және мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталғанын айтты.
– Біз бизнеске институционалдық кепілдіктермен қатар, ұзақмерзімді нақты ынталандыру тетіктерін ұсынамыз. Қазір шетелдік кәсіпкерлер салықтық жеңілдіктер мен жеңілдетілген көші-қон рәсімдерін қарастыратын Altyn Visa бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдалана алады. Дегенмен біз мұнымен шектелмейміз. Алдымызда атқарылатын ауқымды жұмыс бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.





