Текелі қаласында «Конфессияаралық келісім және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет» тақырыбында Діни бірлестік жетекшілерінің ІІ Клуб отырысы өтті. Қоғамда бейбітшілік пен келісімді сақтау, рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруды мақсат еткен жиында діни ұйымдардың рөлін бірлесе талқылады.
Облыстық дін істері басқармасының Құқық қорғау органдары, діни бірлестіктермен өзара байланыс және сараптама бөлімінің басшысы Д. Молдабаева ашып, жүргізген шарада Текелі қаласының бас имамы Аман Медетбеков, «Қасиетті үштік шіркеуі» діни бірлестігінің басшысы Виталий Пантелеев, «Қасиетті Дева Мария Рим-Католик приходы» діни бірлестігінің басшысы, миссионер Томаш Бжиски, «Галилея пресвитериандық шіркеуі» діни бірлестігінің басшысы Константин Пятов және Жетісу облысының Әділет департаментінің басшысы Жандос Бексұлтан баяндама жасады.
Жиында сөз сөйлегендер конфессияаралық келісімді нығайту, діни бірлестіктердің қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлі, құқықтық мәдениет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыру мәселелері бойынша пікір алмасты.
Өзекті мәселелер өріс тапқан іс-шара соңында қатысушылар конфессияаралық келісімді нығайту, қоғамдық тұрақтылықты сақтау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жолындағы өзара әріптестікті жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.
Қазақстанда конфессияаралық татулық – қоғамдық тұрақтылық негіздерінің бірі. Ал адалдық, әділдік, жауапкершілік секілді құндылықтар барлық дінге ортақ қағидат. Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің дамуына, азаматтардың әл-ауқатына және қоғамның мемлекетке деген сеніміне кері әсер ететін қауіпті құбылыс. Онымен күрес тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Бұл – бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Сондықтан әр азаматтың құқықтық сауаттылығын арттыру, адалдық пен әділдік қағидатын ұстану маңызды.
Айгерім Кадесова,
«Дін саласындағы мәселелерді зерттеу және оңалту орталығы»
КММ Діни ахуалды талдау және аймақтық жұмыстарды үйлестіру бөлімінің басшысы





