Текелі қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында «Таза қала – таза табиғат» атты ауқымды экофестиваль өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
«Шарапат-Сауап» корпоративтік қорының ұйытқы болуымен өткен шараға мемлекеттік қызметкерлер, білім саласының мамандары, әлеуметтік орталықтар өкілдері мен белсенді қала жастары атсалысты.
Экофестивальдің алғашқы бөлігі экология және қоршаған ортаны қорғау тақырыбындағы танымдық викторинаға ұласты. Қатысушылар табиғатты сақтау, қала тазалығы және экологиялық мәдениетті дамыту бойынша білімдерін ортаға салды. Үздік нәтиже көрсеткен белсенділерге ұйымдастырушылар арнайы сыйлықтар ұсынды.
Шараның негізгі бөлігінде қатысушылар қалалық саябақтан Қаратал өзеніндегі көпір арқылы «Достық» шағынауданына дейінгі жол бойын тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Табиғатты аялау акциясында ерекше көзге түсіп, көп қоқыс жинаған қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
«Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкері Жазира Құлжанова мұндай бастамалардың қоғам үшін маңыздылығын атап өтті. Оның сөзінше, экофестиваль тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттырып, туған жердің тазалығына деген көзқарасты жақсарта түседі.
Бұл іс-шара тек тазалықты қамтамасыз етіп қана қоймай, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға жол ашады. Қоршаған ортаны қорғау – әрбір азаматтың ортақ парызы. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы мұндай игі қадамдар алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Еліміздің әрбір өңірінде өткізілетін осындай шаралар табиғатты аялауға, қалалардың келбетін жақсартуға және болашақ ұрпаққа таза орта қалдыруға септігін тигізеді. Табиғатты қорғау – ортақ іс, әрқайсымыздың үлесіміз маңызды.





