Астанада «Құрылтай сайлауы: конституциялық негіздер және саяси трансформация» тақырыбындағы сараптамалық талқылау өтті. Қазақстанның жетекші ғалымдары мен саясаттанушылары Құрылтайды қалыптастырудың құқықтық ерекшеліктері мен алдағы сайлау науқанының маңызын талдады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Сараптамалық алаңда саяси партиялардың жаңа электоралдық жағдайдағы рөлі мен қоғамдық бақылау тетіктері жан-жақты сөз болды. Мәжіліс экс-депутаты Марат Башимов Құрылтайдың мемлекеттік билік жүйесіндегі орнын заңнамалық тұрғыдан айқындаса, саясаттанушы Айдос Сарым алдағы сайлау науқанын жаңа конституциялық модельді сынақтан өткізетін кезең деп бағалады. Сарапшылар пайымынша, алғашқы сайлаудың сапасы жаңа институттардың орнықтылығы мен қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенім деңгейін көрсетеді.
Талқылау барысында партиялық жүйенің трансформациясы мен саяси өкілдіктің сапасын арттыру мәселелері назардан тыс қалмады. Саясаттанушы Эдуард Полетаев Құрылтайды партиялық тізімдер арқылы жасақтау саяси бірлестіктердің қоғам мүддесін білдірудегі жауапкершілігін 2-3 есеге арттыратынын атап өтті. Ал медиаменеджер Сырым Иткулов азаматтардың ұзақ мерзімді сенімі эмоциялық ұрандар арқылы емес, партиялардың кәсіби шешімдері мен мазмұнды қызметі арқылы қалыптасатынын жеткізді.
Қатысушылар сайлау заңнамасын бұзу фактілері бойынша шағымдану тетіктерінің маңыздылығын да ескерді. Әділет министрлігінің өкілі Жанар Жігітекова сот арқылы қорғалу мен заңдық жауапкершіліктің ашықтыққа негізделгенін мәлімдеді. Сарапшылардың ортақ пікірінше, Құрылтайға алғашқы сайлаудың табысты өтуі демократиялық институттарды одан әрі дамытуға үлкен септігін тигізеді.
Бұл сайлау – жаңа Конституцияны жүзеге асырудың алғашқы практикалық қадамы.





