Қазақстан азаматтарының шетелде паспорт рәсімдеу тәртібі жаңартылады. Жаңа талаптар 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Тиісті өзгерістер Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің 2026 жылғы 17 тамыздағы бұйрығымен енгізілді.
Паспортты кімдер шетелде рәсімдей алады?
Шетелде жүрген Қазақстан азаматтары паспорт алу үшін сол елдегі Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдігіне немесе консулдық мекемесіне жүгіне алады.
Бұл мүмкіндікті:
- шетелде тұрақты тұратын Қазақстан азаматтары;
- шетелде білім алып жүрген студенттер;
- еңбек шарты бойынша шетелде жұмыс істейтін азаматтар;
- Қазақстаннан тыс жерде туған кәмелетке толмаған балалар;
- олардың отбасы мүшелері пайдалана алады.
Сонымен қатар паспортты шетелде рәсімдеуге шетел азаматтарының отбасы мүшелері, дипломатиялық қызмет өкілдерінің туыстары, қарт адамдар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар, сондай-ақ өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын жақындарына күтім жасайтын адамдар құқылы.
Шетелде ұсталған, қамауда отырған немесе жазасын өтеп жүрген Қазақстан азаматтарына да паспорт рәсімдеу мүмкіндігі беріледі.
Паспорт қанша уақытта дайын болады?
Егер Қазақстанның шетелдегі мекемесі «Шетелдегі мекемелерге арналған халықты құжаттандыру және тіркеу» цифрлық жүйесіне қосылған болса, паспорт 40 жұмыс күні ішінде рәсімделеді.
Ал мекеме аталған жүйеге қосылмаған жағдайда құжатты рәсімдеу мерзімі 90 күнтізбелік күнге дейін созылуы мүмкін.
Құжат тапсыру кезінде азаматтардың кезекте күту уақыты 30 минуттан, ал тікелей қызмет көрсету уақыты 10 минуттан аспауға тиіс.
Құжаттар қалай рәсімделеді?
Құжаттар қабылданғаннан кейін шетелдегі мекеме оларды екі күнтізбелік күн ішінде дайындап, дипломатиялық пошта арқылы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне жібереді.
Одан кейін құжаттар тексеру және паспортты әзірлеу үшін Ішкі істер министрлігіне жолданады.
Ішкі істер министрлігіне құжаттарды тексеріп, паспортты дайындауға 30 күнтізбелік күнге дейін уақыт беріледі. Дайын паспорт Сыртқы істер министрлігіне жіберіледі.
Сыртқы істер министрлігі дайын құжатты 25 күнтізбелік күн ішінде тиісті шетелдегі мекемеге жолдайды.
Паспорт шетелдегі мекемеге түскеннен кейін азаматқа оның дайын болғаны бес күнтізбелік күн ішінде хабарланады.
Дайын паспорт өтініш берушінің өзіне немесе оның заңды өкіліне беріледі.
14 жасқа дейінгі балаларға ЖСН қалай беріледі?
Жаңа қағидаларда ЖСН-ы жоқ 14 жасқа дейінгі балаларға паспортты алғаш рет рәсімдеу тәртібі де қарастырылған.
Мұндай жағдайда Қазақстанның шетелдегі мекемесі балаға жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) беру рәсімін бастайды. Ішкі істер министрлігі тиісті электрондық өтінімді екі жұмыс күні ішінде қарайды.
ЖСН берілгеннен кейін бала туралы мәліметтер цифрлық жүйеге енгізіліп, паспорт рәсімдеуге өтінім жолданады.
Егер цифрлық жүйе арқылы ЖСН қалыптастыру мүмкін болмаса, құжаттар қағаз түрінде рәсімделіп, Қазақстанның Ішкі істер және Сыртқы істер министрліктеріне жіберіледі.
Осылайша, 1 қыркүйектен бастап шетелдегі қазақстандықтардың паспорт рәсімдеу тәртібі мен құжаттарды қарау мерзімдері нақты регламенттеледі.





