Талдықорған қаласындағы Достық үйінде облыс әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мен облыстық Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Отбасы құндылықтары және Конституция» атты кездесу өтті. Басқосуды облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Несіпжамал Баймұхамедова жүргізді.
Іс-шараға ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, «Дағдарыс орталықтары одағының» төрағасы Зульфия Байсақова, облыстық мәслихат депутаты Гүлназ Мұстафа, Талдықорған қалалық полиция басқармасының өкілдері, «Жанұя» отбасын қолдау орталығының мамандары, этномәдени бірлестіктер мен Аналар кеңесінің мүшелері қатысты. Кездесудің негізгі өзегі – отбасы институтын нығайту, ұлттық құндылықтарды сақтау және Конституцияда бекітілген адамгершілік қағидаттарды кеңінен насихаттау болды.
Алғашқы болып сөз алған Гүлназ Мұстафа:
– «Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген нақыл бекер айтылмаған. Отбасының беріктігі – елдің тұрақтылығының кепілі. Сондықтан әрбір ана елдегі татулық пен бірліктің сақталуына үлес қосуы тиіс», – деді. Ол сондай-ақ Конституцияға енгізілген өзгерістердің халық мүддесіне сай екенін атап өтті.
Жиын барысында құқықтық мәселелерге де ерекше көңіл бөлінді. Талдықорған қалалық полиция басқармасының қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің басшысы, полиция подполковнигі Қарақат Нұрлыбекова «Некеге мәжбүрлеу, сталкинг және әйелдерге қатысты өзге де зорлық-зомбылық түрлері үшін қылмыстық жауаптылық» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда дәстүрлі құндылықтарды қорғау, адамгершілікке жат мінез-құлық үлгілеріне қарсы тұру жөніндегі тапсырмаларына тоқталып, жаңа заң нормаларын түсіндірді.
– Атап айтқанда, 2025 жылғы 16 шілдеден бастап Қылмыстық кодекске сталкинг пен некеге мәжбүрлеу үшін жауапкершілік енгізілгенін жеткізді. Сталкинг – адамның еркіне қарсы қудалау, аңду, жүйелі қоңыраулар мен хабарламалар арқылы қысым көрсету. Мұндай әрекеттер физикалық күш қолданбаса да, жәбірленушінің қорқыныш пен алаңдаушылықта өмір сүруіне әкеледі, – деді Қарақат Нұрлыбекова.
Отбасы мен бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөліне кеңінен тоқталған «Жанұя» отбасын қолдау орталығының заңгері Айдарбек Намазбаев «Балаға мейірім төксең, ол да қайырымды болып өседі, «Тікен еккен жерге бидай шықпайды» дегендей, отбасындағы жылы қарым-қатынас – тәрбиенің негізі», – деді. Сонымен қатар, Конституцияның 30-бабы некеде әйел мен еркектің тең құқықтарын бекітетінін атап өтті.
Кездесудің қорытынды бөлімінде қатысушылар отбасы институтын нығайту жолындағы қоғамдық ұйымдардың, Аналар кеңесінің және әрбір азаматтың жауапкершілігі туралы пікір алмасты. Ұлттық құндылықтар мен заң үстемдігін қатар ұстану – қоғамның тұрақты дамуының басты шарты екені айтылды.
Гүлжан ТҰРСЫН





