Адамзат тарихының құнды мәліметтері мен деректері бүгінгі күнге жазудың арқасында жетті. Ертедегі адамдар көргені мен білгенін тасқа қашап қалдырды. «Петроглиф» аталатын жартас жазулары бүгінгі күні археология ғылымы үшін таптырмас олжа. Ондағы бейнелер 20 мың жыл бұрынғы адамның айтар ойы мен білгенін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл жағынан алғанда Ұлы Даланың үнсіздікке бөккен үнін айтатын таңбалы тастар жетерлік. Оны танитын маман табылса болғаны.
Ғасырлар өте келе тасқа қашалған жазудан әріп пайда болды. Бүгінгі латын, кирилл қаріптерінің негізі Орхон жазуынан шыққанын ғалымдар дәлелдеген. Түрік бітігі бір кеңістікті мекен еткен ұлттардың басын құрауға себеп болған. Оның мысалы Орхон әрпімен жазылған Тоныкөк бітігіндегі жазбалары дер едім. Бірақ «қанына тартпағанның қары сынсын» деген қағиданы берік ұстанатын еуропацентристік көзқарас осы уақытқа дейін әлемге басқаша түсіндіріп келді. Мейлі ғой, халқымыздың: «Таң атпайын десе де күн қоймайды» деген мәтелі ақиқаттың түбі ашылатынын дәлелдейді. Қазіргі дүниежүзіндегі мемлекеттер Жібек жолының бойында жатқан Ұлы Даланың тұрғындары мәдениеттен қара жаяу еместігін іштей мойындап отыр. Сондықтан көргенімізге шүкір, көрерімізден айырмасын!
Бұны айтқандағы басты мақсатымыз – 2 ақпан Ұлттық басылым күнінің түп-тамыры тереңде екенін жеткізу ғана. Осыдан 3 жыл бұрын, яғни 2023 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2 ақпан «Ұлттық басылым күні» болып белгіленді. Содан бері еліміздің ақпараттық кеңістігінде еңбек етіп жүрген мерзімді баспасөз өкілдері өздерінің қоғамға керегін түсінді. Дәл сол күні газет-журнал тілшілерін құттықтаған Мемлекет басшысы:
«Сөз бостандығына адалдығынан айнымаған басылымдар әрдайым шынайы ақпараттың және сапалы сараптаманың қайнар көзі болып қала береді. Газет-журналдар замана тынысын дөп басып, мемлекет пен қоғамдағы қордаланған мәселелерді көтереді, түрлі көзқарастағы ой-пікірлерді жарыққа шығарады. Сондай-ақ жалпы адамзатқа ортақ ізгі құндылықтарды дәріптейді. Баспасөз қызметкерлері кәсіби біліктіліктің, отаншылдық пен жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп келеді. Біздің басылымдарымыз халықтың бірлігін нығайтуға атсалысып, Әділетті Қазақ-станды құру ісіне елеулі үлес қоса береді деп сенемін», – деп үлкен сенім білдірді.
Шыны керек қазақ баспасөзінің атасы саналатын «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрген 1913 жылғы 2 ақпанмен орайластырылған атаулы күн өзін журналист санайтын әрбір азамат үшін қастерлі. Себебі, онда қылышынан қан тамған ақ патша режимінің тұсындағы қысылтаяң шақтарда айтылмаған ақиқаттың сыры мен жыры жатыр. Оның бойында большевиктер мен ақтардың қақтығысынан жөнсіз қырылған қарапайым халықтың нақақ қанының сұрауы тұр. Одан 30-шы жылдардағы аштықта бір үзім нан таппай, өзек жалғар ас ішпей шейіттіктің жастығына бас қойған боздақтар мен сәбилердің, ақ сақалды аталар мен ақ жаулықты аналардың көз жасы менмұндалайды. Екінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы сәтінде қалың неміске қарусыз шығып оққа ұшқан мыңдаған жанның обалы мен сауабы бар бұл күнде бейбіт шақта бақилық болған «желтоқсаншылардың» қақысы анық көрінеді. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап бүгінгі шаққа дейінгі аралықта айтылмаған ақиқаттың, жазылмаған мақаланың жолында жүріп жан қиған тілшілердің артында қалған бала-шағасы осы күнге сенім артады, үміт жалғайды. 2022 жылғы «Қаралы қаңтарда» қаңғыған оқтан көз жұмғандардың да аттары осы күні айтылуды күтіп жатыр.
Мұндай мәліметтер енді қайталанбасын деп тілейік, ендігі үміт келешектің жарқын болуында. Жалпы, еуропалық көзқараспен көне кәсіптердің қатарына жатқызылатын журналистика қоғамның ащы ақиқаты мен шындығын жариялауды басты міндет етіп алған. Одан бөлек, әрбір ұлттың тілінің, дүниетанымының сақталуына тікелей әсер ететін де тілшілік қызмет.
2010 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымына қарасты білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) ХХІ ғасырдың соңына қарай жер бетіндегі тілдердің тең жартысына жуығы жойылып кетеді деген болжам таратты. Қорқынышты болжамның айтуынша, бүгінгі Еуропада жойылу қаупінде тұрған 212 тіл болса, 13 тіл жақын арада мүлдем жоғалады. Осы жөнінде түрлі сараптамаға арқау болған зерттеулерге сенсек, ғағауыз тілінде сөйлейтін 160 мың адам, қарайым тілін жетік меңгерген 130 адам ғана қалған. Бұлар түркі тілдерінің тобына жататындары.
Аллаға шүкір, 20 миллионға жетіп, әлемдік саясатта, ғылымда, мәдениетте, әдебиетте жарқын үн шығара бастауымыз бағасыз байлыққа тең нығмет! Бұл жағынан алғанда ауылда өсіп, тіршіліктің тынысын ұлттық көзқараспен таныған қазақ баласы барда тіліміз өспесе өлмейтініне көз жетті. Алайда ұлттық бояуы басым тілді құнарынан айырмай сақтау қаламгерлерге, ақын-жазушыларға, журналистер мен тілшілерге тікелей байланысты. Әсіресе, әрбір өңірдің шырайын кіргізген жаңалықтың берер пайдасы мен залалын сараптаудан өткізетін мерзімді баспасөзге терең ой мен тағылымды ғибратқа толы мақала жазатын мамандардың орны ерекше. Адам баласы жаспен емес жауапкершілікпен өсетіні белгілі. Оның тұлғалық қалыптасуын асыл оймен баптайтын газет-журналдар көтерген мәселе бір адамның дұрыс жолға түсуіне, жақсылық, қайырымдылық жасаушыға айналуына септігін тигізсе нағыз жетістік, бағасыз жеңіс сол. Міне, осы тұрғыдан алсақ, ұлттық басылымның бұлжымас қағидасын қалыптастыратын қайраткер – қаламгер мемлекеттің қозғаушы күші екенін байқауға болады.
Соңғы уақытта түркі халықтарының арасында рухани байланыс орнап, тілі мен тегі бір, тарихы ортақ халықтар өзара қарым-қатынасты бекіте түсуде. Қазақтың қара домбырасы тағдырдың талқысымен Қазақстанға айдалған ұлттардың басын қосып, әлемдік сахналарда күй шерте бастады. Ноғай композиторы Арсланбек Сұлтанбековтың «Домбыра» әні жарты әлемді билеген батыр бабаларымыздың ғасыр қойнауынан жеткен үнін бүгінгінің санасына сіңірді. Әлеуметтік желілерде башқұрттың «Айла» тобының орындауындағы «Хомай» әні миллиондаған адамның назарын аудартты. Димаш Құдайбергеновтің күллі дүниежүзіндегі жұртшылыққа қазақ тілінің мәйегін үйренуге ұмтылдырғаны бұлтартпас шындық. Осындай аса маңызды қадамдардың артында ұлттық танымның тамырын бүлкілдетіп, жұлын-жүйкесін дүр сілкіндірген жазудың орны тұр. Одан Құранның «Алақ» сүресіндегі: «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы!» – деген Құдайлық бұйрықтың райы байқалады. Руханиятты оятқан, аруақты тітіреткен ұран жасасын!
Ендеше, «Ұлттық басылым күні» құтты болсын, құрметті әріптестер! Мерзімді баспасөздің отымен кіріп, күлімен шыққан, әрбір әріп үшін көздің майын тауысқан еңбектеріңіз елене берсін! Сіздерге артылар жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Сол жауапкершілік жүгін келешекке қайыспай көтеріп жеткізуді нәсіп етсін!
Мәди АЛЖАНБАЙ





