Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің бастамасымен ұйымдастырылған «Талаптыға нұр жауар» атты мерекелік жиын ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналды.
Шара Талдықорған қаласындағы «Достық» мейрамханасында өтті. Мерекелік кештің негізгі мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балалардың өмірге құштарлығын арттырып, шығармашылық қабілеттерін ашуға жағдай жасау, оларды қоғам өміріне белсенді бейімдеу және мейірімге толы ортада қуаныш сыйлау болды.
Іс-шара барысында кішкентай қонақтарға арналған концерттік бағдарлама ұсынылды. Әсем әндер, әсерлі билер мен ойын-сауық бағдарламалары балалардың көңілін көтеріп, жүздеріне шаттық ұялатты. Аниматорлармен өткен қызықты ойындар мен түрлі байқаулар балалардың белсенді қатысуымен өтті. Сонымен қатар, әр балаға арнайы сыйлықтар табысталып, қуаныштарын еселей түсті.
Мерекелік жиынға 100-ден астам ерекше бала қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Іс-шара соңында балалар мен ата-аналар ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, осындай шаралардың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Шара барысында «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Самал Орынбекова өз ойымен бөлісті:
– Бұл күн барлық кішкентай балақайларға ерекше көңіл бөлінетін күн. Ұйымдастырушы тараптан балаларға арнап арнайы сыйлықтар әзірленді. Мұндай шаралар олардың өмірге деген құлшынысын оятады, – деді.
Мұндай іс-шаралар – қоғамның ерекше жандарға деген ықыласы мен жанашырлығын көрсететін жарқын мысал. «Талаптыға нұр жауар» атты мерекелік кеші балаларға тек сыйлық пен ойын емес, мейірім мен үміт сыйлады. Барлық қатысушылар үшін жүрекке жылу беретін, адамгершілік пен ізгілікке бастайтын тағылымды сәт болды. Ерекше балалардың күлкісі мен қуанышы – қоғамның шынайы дамуының, рухани биіктеуінің айғағы.
Санжар Сұлтанғазы