Биыл аудан аумағындағы 3 орта мектеп күрделі жөндеуден өткізілді. Тұңғыш Президент күні мерекесі тұсында аудан әкімі Нұржан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ күрделі жөндеуден өткен Текес ауылындағы Қ. Шорманов, Тегістік ауылындағы М. Мақатаев, Талас ауылындағы Ш. Уәлиханов атындағы орта мектептердің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
Өңір әкімі Нұржан Құдайбергенов мектептің ұстаздар ұжымына, ата-аналар қауымына жүрекжарды ыстық лебізін жеткізді. Заманға лайық жаңғырып, жайнаған, уақыт талабына сай қажетті парта, тақта, бөлме жиһаздарымен қамтамасыз етілген білім ордаларында ерекше көңіл-күй ауанымен жұмыс істейтін мұғалімдер қауымына шығармашылық табыс тіледі.
Текес ауылындағы 1200, Талас ауылындағы 240 орынды мектептің күрделі құрылыс жұмыстарын «Монолит» ЖШС-і, Тегістік ауылындағы 640 орынды мектептің күрделі құрылыс жұмысын «Еңбек» ЖШС-і уақытылы сапалы аяқтап шықты. Осы күні аталған мердігерлік құрылымдардың басшыларына, құрылысшыларына аудан әкімдігі, ауыл тұрғындары тарапынан сый-құрмет көрсетілді. Райымбек ауданында Тәуелсіздік күні мерекесі тұсында күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан Сарыжаз ауылындағы 140 орынды балабақшаның, Сарыбастау ауылындағы 50 орынды балабақшасы ғимараттарының салтанатты ашылу рәсімі өтетін болады. Сөйтіп, қайта қалпына келген ауданның ауылдары жаңғырған ғимараттармен көркіне көрік қосуда. Осының бәрі аталған ауыл тұрғындарының қуаныштарын еселей түсуде.
Қанат БІРЖАНСАЛ
Райымбек ауданы





