Абай ғұлама: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады», – дейді. Бұл бір қарағанда қарапайым ғана тұжырым сияқты көрінгенімен, оның астарында үлкен мағына жатыр.
Адамның адам болып қалыптасуы байлықпен, атақпен өлшенбейді. Ол ең алдымен отбасындағы туыстардың қарым-қатынасынан, жақсы ортадан алған үлгісімен бекиді. Жасөспірім қоғамдағы адал адам немесе кітаптағы кейіпкерге қарап өзінің болашағын түзейді. Сондықтан отбасы тәрбиесі жеке бір әулеттің ғана емес, тұтас қоғамның мәселесі.
Қазіргі қоғамда ата-ана жұмысбасты болғандықтан балалар тәрбиені интернеттен алады. Ондағы болып жатқан жағдайдың барлығы үлгі аларлық емес. Кейбір ата-ана: «Баламның қарны тоқ, киімі көк, оқып жүр, одан басқа не керек?», – деп ойлайды. Жоқ, балаға мейірім, бағыт-бағдар, тәрбие керек.
Қазақы тәрбиенің өзегі – үлкенге құрмет, кішіге ізет. Сондай-ақ, ар-ұят, обал, сауаптан аттамау. Бұл қағидалар ғасырлар бойы ұлттың рухани тірегі болып келді. Бұрынғы қазақ қоғамында бала тәрбиесі тек әке мен ананың мойнындағы міндет емес еді. Ата-әже – ақылдың кені, ауыл-аймақ – тәрбие мектебі болды. Бала үлкеннің көзқарасынан, ел-жұрттың сөзінен именіп өсті. Қате қадам жасаса, оны бір адам емес, тұтас орта түзейтін. Сөйте тұра баланы ақылды, сабырлы, жөн білетін адам етіп тәрбиеледі. Ұл-қыз ержете келе өзінен кейінгілерге ақылгөй, қамқор бола білді. Осындай ортада өскен бала «мен» деп емес, «біз» деп ойлауға үйренді. Ал бүгінгі таңда бұл жүйе әлсірей бастады.
Байқасаңыз, қазіргі балалар ата-әжеден алшақ, ағайыннан бөлек, көрші-қолаңмен араласпайтын, тұйық мінезді. Тәрбие ата-ананың ғана еншісінде қалғандай. Соның салдарынан баланың рухани тірегі әлсіреп, тәрбиені интернет, әлеуметтік желі, виртуалды кеңістіктен іздей бастады.
Кейде «дәстүр – ескінің қалдығы» деген үстірт пікір айтылады. Жалпы ұлттық тәрбиені заманға қарсы қою – қате түсінік. Ұлттық құндылық пен заманауи көзқарас бір-бірімен үйлесім тапқанда шынайы нәтиже береді. Мысалы, үлкенге құрмет деген сөз баланың өз ойын айта алмауы емес, өзгенің пікірін тыңдай білуі. Тыйым – қорқыту емес, шекара мен жауапкершілікті түсіндіру. Ұят болады деген қақпайлау емес, «неге дұрыс емес?» деген сұраққа жауап беру. Яғни, ұлттық тәрбиенің түпкі мақсаты – баланы төмендету емес, санасын ояту. Қазіргі қоғамда «жеке шекара», «теңдік» ұғымдары алдыңғы қатарға шығып, «ортақ міндет» секілді түсініктер кейінгі орынға ығысып бара жатыр. Ұлттық статистикаға сүйенсек, былтырғы алғашқы 6 айда 21 531 ажырасу тіркелген. Бұл санның өзі отбасылық тұрақтылық мәселесінің әлі де ақсап тұрғанын көрсетеді. Сондықтан әрбір ажырасудың артында адам тағдыры, үміт пен күйзеліс, баланың болашағы жатқанын ойлау қажет-ақ.
Соңғы жылдары отбасы институтын нығайту үшін 2025-2027 жылдарға арналған «Отбасы мен некені сақтау және нығайту шаралар жоспары» қабылданды. Бұл құжаттың басты мақсаты – ерлі-зайыптыларды отбасылық өмірге саналы түрде дайындау, жауапкершілікті арттыру, ажырасудың алдын алу және қоғамда отбасылық құндылықтарды қайта жаңғырту. Жоспарлы шара іске асып, ерлі-зайыптылардың ажырасуы азайса дейміз. Абай айтқан «ақыл, ар, мінез» ұғымдары ең алдымен отбасында қалыптасады. Берік отбасы – берекелі қоғамның негізі екенін ұмытпайық.
Балнұр САТЫЛОВА,
Жетісу университеті филология факультетінің студенті





