2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) 43,4 мың отбасындағы 232,5 мың адамға тағайындалып, жалпы сомасы 10,4 млрд теңгені құрады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
АӘК-нің негізгі мақсаты – отбасыларды қиын өмірлік жағдайдан шығару. Бұл көмек ақшалай төлем түрінде көрсетіледі, сонымен қатар отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамту шараларына тартуды көздейді.
АӘК келесі бағыттарды қамтиды:
-
Табыс деңгейі төмен азаматтарға көмек: табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек беріледі.
-
Балаларға қосымша төлем: табысы аз отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі әр балаға 1,5 АЕК мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем тағайындалады. 2025 жылғы 1 мамырда 74,4 мың мектеп жасына дейінгі балаға жалпы 1,4 млрд теңге көлемінде төлем жүргізілді.
-
Жұмыспен қамту шаралары: жұмысқа орналастыру, өз ісін ашқысы келетін отбасыларға гранттар беру, қажет жағдайда біліктілікті арттыру курстарына жолдау.
АӘК алу үшін өтініштерді тұрғындар өз тұрғылықты жеріндегі мансап орталықтары, ауыл округтері әкімдері, сондай-ақ электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы бере алады.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап кедейлік шегі өңірлік медиандық табыстың 35%-ы деңгейінде, бірақ өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-нан төмен емес мөлшерде белгіленді.