Шара «Этика және құқық мәселелері жөніндегі ментор» жобасының аясында ұйымдастырылды. Аталмыш жоба 2023 жылдың қыркүйегінде облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың бастамасымен жүзеге асып, бүгінде өңірдегі тәрбиелік және құқықтық мәдениеттің жаңа белесін айқындап отыр. Мақсаты – жасөспірімдердің сыни ойлау қабілетін дамыту, құқықтық әрі цифрлық сауаттылығын арттыру және оларды әлеуметтік ортаға сенімді бейімдеу.
Бүгінде бұл ауқымды жобада 126 маман еңбек етуде. Ал Талдықорған қаласының өзінде 31 ментор жас буынмен етене жұмыс істеуде. Олар оқушы мен қоғам, билік пен болашақ арасында алтын көпір болған мамандар.
№19 мектеп-гимназиясының мәжіліс залында өткен бұл ерекше кездесу жобаның дамуына серпін беріп қана қоймай, жастардың үміті мен армандарын тыңдауға мүмкіндік берді. Жиынға жоғары сынып оқушылары, педагогтар, білім бөлімінің өкілдері мен жоба кураторлары қатысты.
Кездесуді ашқан қала әкімінің орынбасары Жеңіс Андабеков жылы лебіз білдірді. Оның сөздері оқушылардың жүрегіне жол тауып, ашық әрі еркін пікір алмасуға түрткі болды.
– Бүгінгі диалог біржақты әңгіме емес. Бұл – сіздердің армандарыңызды, пікірлеріңізді, толғандырған сауалдарыңызды тыңдайтын орта. Біз сіздер үшін осындамыз, бірлесіп шешім іздеуге дайынбыз, – деді қала әкімнің орынбасары.
Жиында көтерілген мәселелердің қатарында жазғы уақытта оқушылардың жұмыспен қамтылуы, волонтерлік пен мәдени жобаларға қатыстырылуы, жастар кәсіпкерлігін дамыту жайы да бар. Оқушылар көшбасшылық қасиеттерді дамытатын курс жобалық ойлау дағдылары туралы жан-жақты сұрақтар қойды.
Кездесуде сөз алған 10-сынып оқушысы Айғаным Айкен алғыс білдіріп, жүрекжарды пікірімен бөлісті.
– Осындай кездесулер бізге сенім сыйлайды. Тыңдап қана қоймай, бізді түсінуге ұмтылған көзқарасты байқаймыз. Өзіміздің қаламызда да үлкен жобаларды іске асырып, қоғамға өз пайдамызды тигізуге тырысамыз – деді ол.
Кездесу барысында интернеттегі қауіпсіздік, кибербуллинг, әлеуметтік желілердегі қарым-қатынас мәдение- ті – қазіргі жастардың күнделікті өмірінде маңызды орын алатын тақырыптар да қозғалды. Менторлардың айтуынша, оқушылар дәл осы сұрақтарға жиі алаңдайды.
Жеңіс Саятбекұлы бұл өзекті бағыттар бойынша арнайы тренингтер мен шеберлік сабақтарының өткізілетінін хабарлады.
– Біздің міндетіміз – сіздердің бойларыңыздағы дарынды аша отырып, оны туған өлке Жетісуда жүзеге асыруға көмектесу. Өңірге парасатты, адал, табанды жастар қажет. Біз сол жолда сіздерге тірек болуға дайынбыз, – деді ол.
Кездесу соңында жастар мұндай ашық диалогтардың жиі ұйымдастырылуын қолдайтынын жеткізді. Олар мектеп оқушыларының бастамалары мен идеяларын, экология, мәдениет және спорт саласындағы жобаларды ортаға салатын қалалық жастар форумын өткізуді ұсынды.