Мұрат Медеров ІІІ, Айдар Маманов І топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар. Соған қарамастан олар бәсекеге қабілетті бизнестің көшін бастап тұр. Қос азамат мемлекеттік жобаға қатысып, қайтарымсыз 1 миллион теңге қаражат алып, өз кәсіптерін дөңгелентіп отыр.
Қызылқайың ауылының тумасы Айдар Асқарұлы мен талдықорғандық Мұрат Медеров ауруханада ем алып жатып, болашаққа жоспар құрған. Еңбекқор жігіттер мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған байқауда бақ сынап, ауылды жерде құс фермасын ашу туралы жобаларын ұсынады. Еңбек ақталып, бүгінгі таңда олар Қызылқайың ауылынан шағын ғана құс фермасын ашып үлгерді. Мемлекет тарапынан алған қаражатқа Алматы қаласынан қажетті құрал-жабдықтарды, атап айтар болсақ, инкубатор, генератор және тағы да басқа қажетті құралдарды сатып алған. Олар қаздың линда деп аталатын түрін, үй үйрегін және бройлер тауығын өсіреді. Қазіргі таңда құс фермасында 500 құсты бағып-қағуда. Еңбекқор азаматтар алдағы уақытта қаз санын 3 мыңға жеткізуді, келер жылы тауық жұмыртқаларын ауыл, аудан тұрғындарына сатуды жоспарлауда.
Құсқа қажетті жемшөпті ауылдан сатып алады. Бұл жұмыс үлкен жауапкершілікті талап етеді. Болашаққа деген жоспары айқын азаматтар бір адамды тұрақты жұмыспен қамтып, ай сайын 45 мың 500 теңге жалақы төлейді. Болашақта үлкен құс фермасын ашса, біраз жасты жұмыспен қамтуды негізгі жоспарларына бекіткен.
– Бізге осындай мүмкіндікті ұсынған мемлекетіме айтар алғысым шексіз. Айдар екеуміздің болашаққа құрған жоспарымыз бойынша жұмыс істеп жатқанымыздың өзі үлкен жетістік. Былтыр ауданымызда осы іспен айналысатын азаматтан ақыл-кеңес сұрап, тауық сатып алғанбыз. Биыл өзіміздің тауықтар жұмыртқалап, көбейіп жатырмыз. Балапандарға күнделікті 3 мезгіл жемін, суын үзбей беріп отырамыз. Өйткені бұлар суға көп бағынышты болғаннан кейін тұрақты су-жем беріп отыру керек. Балапандарды арнайы қадағалауда ұстаймыз. Себебі, олар әлі өте нәзік. Үйрек, қаз, тауықтың жұмыртқалары инкубаторлық сандықшада бастырылып шығарылады. Әрбір жұмыртқаның температурасы мен ылғалдылығына қатты көңіл бөлеміз. Бұл жұмыс аса төзімділікті, еңбекқорлықты талап етеді. Ең маңыздысы, нәтижеге қол жеткізу, – дейді Мұрат Жанболатұлы.
Құстар межеленген салмағына келген кезде сойып, одан жартылай фабрикат жасап, облыс халқына ұсыну – кәсіпкерлердің басты мақсаты.
– Еңбек қана адамды биік белеске жетелейтінін түсіндім. Қазір нағыз еңбек ететін уақыт. Әсіресе, жастар жұмыссыз жүрмеуі керек. Адам әр күнін, сағатын жоспарлау арқылы жетістікке жетуіне болады. Мәселен біз, мақсатқа жету үшін, ең алдымен мынандай мәселелерді шешуіміз керек деп нақты жоспар құрдық. Құс фермасына білікті мамандарды тарту, озық технологияны пайдалану, құсты инфекциялық аурулардан қорғау, қоршаған ортаның экологиясын сақтау секілді талаптарға баса назар аударамыз. Осы жоспар бойынша жүйелі жұмыс істеп келеміз. Мүмкіндігіміздің шексіз екенін дәлелдеуден шаршамаймыз, – деген Айдар Асқарұлы болашақта шағын ауылда үлкен құс фермасы бой көтеретініне сенімді.
Қос азамат құс асырау туралы білімдерін арттыру үшін үнемі ізденіс үстінде жүреді. Олар негізгі ақпаратты ғаламтор көзінен алады. Мамандардың айтуынша, құс асыраудың жеке техникасын меңгермей істі бастауға болмайды. Кәсіпкер жігіттер ауыл маңынан 10 гектар жер алып, құс фабрикасының іргетасын тұрғызып қойған. Ферма құрылысының жобасы толықтай дайын. Енді жұмыс қаражатқа келіп тіреліп тұр. Кәсібінен нәсібін тауып жүрген жігіттерге көмек қолын созамын деген жомарт жандар болса мархабат.
Медет пен Айдар ерікті ретінде біршама жұмыстың басын қайырып үлгерген. Олар республикалық «Қызыл Ай» қоғамының облыс бойынша өкілдері. Ел басына ауыр күн туғанда аты жаман індетпен күрес жайлы халыққа жан-жақты ақпарат беру үшін үй-үйді аралап, арнайы кітапша таратып, халықты ақпараттандыру жұмысын атқарған. Сонымен қатар, қайырымдылық шараларына белсене қатысқан. Олардың мақсаты – елдің қарғысын емес, алғысын алып, үлкендердің батасымен көктеп, көгеру. Олай болса, қазақтың еңбекқор азаматтарының деніне саулық, ісіне береке тілейміз.
Еңлік КЕНЕБАЙ
Қызылқайың ауылы,
Алакөл ауданы





