2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша елімізде 25,5 мың мүгедектігі бар азамат жұмыспен қамтудың түрлі шараларына тартылған. Қазіргі таңда ерекше қажеттіліктері бар 111 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылған, бұл еңбекке қабілетті мүгедектігі бар адамдардың 30 пайызын құрайды, деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Министрліктің дерегінше, Қазақстанда барлығы 743,9 мың мүгедектігі бар адам тұрады, оның 375,2 мыңы еңбекке қабілетті жаста. Әлеуметтік кодекске сәйкес, жергілікті атқарушы органдар жұмысшылардың жалпы саны кемінде 50 адам болатын ұйымдарда 2–4% көлемінде жұмыс квотасын белгілейді.
2025 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша квота шеңберінде 7,1 мың адам жұмысқа орналасты. Сонымен қатар 4,8 мың адам тұрақты жұмысқа, 5,7 мың адам қоғамдық жұмысқа, 538 адам жастар практикасына және тағы 758 адам «Күміс жас» жобасына тартылған.
Қысқа мерзімді кәсіптік оқумен 277 адам қамтылса, «Бастау бизнес» жобасы бойынша 4,5 мың азамат кәсіпкерлік негіздерін үйренді. 1,4 мың адам өз ісін ашу үшін мемлекеттен 400 АЕК-ке дейінгі (1,6 млн теңге) көлемінде грант алды.
2018 жылдан бері мүгедектігі бар адамдарға арналған арнайы жұмыс орындарын жарақтандыру бойынша жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау жүйесі енгізілген. 2025 жылы осындай 87 арнайы жұмыс орны құрылды.





