«Жетісу — адалдық алаңы» жобасы аясында Алматы облысының Қапшағай қаласында кезекті сервистік әкімдіктің ашылуы өтті. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Алматы облысындағы департаменті мәлімдеді.
Орталықтың салтанатты ашылу рәсіміне Республикалық ақпараттық-ағартушылық штабтың төрағасы Ырза Тұрсынзада, Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің парасаттылық департаментінің басшысы Ғанижан Асанұлы және өңір басшылығы қатысты.
Өткен жылы Мемлекет басшысы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жариялап, билік пен қоғам арасын байланыстырушы көпір ретіндегі азаматтардың сұраныстарына шұғыл әрекет жасайтын мемлекеттік органдар құру қажет екендігін атап өткен еді.
Сервистік әкімдік мемлекеттік органдар жұмысының Open-space форматындағы тиімді үйлесімі, оның ажырамас бөлігі қызметкерлердің халыққа бағдарлануына және азаматтар үшін қолайлы жағдай жасауға негізделген қызмет көрсетудің жоғары сапасы болып табылады.
Өткен жылдан бастап облысымыздың аудандары мен қалаларында 16 сервистік әкімдік ашылды. Ағымдағы жылдың соңына дейін барлық аудан әкімдіктерінің жұмысын «OPEN SPACE» форматына көшіру жоспарлануда.
Бұл жобаны іске асыру халыққа мемлекеттік қызметтерді қалалар мен аудандардың әр бұрышында орналасқан бөлімдерді іздемей-ақ бір ғимаратта алуға мүмкіндік береді. Мысалы, Қапшағай қаласының сервистік әкімдігінде 81 мемлекеттік қызмет көрсетіледі.
Сервистік әкімдіктің бірегей алаңы азаматтар үшін «бір терезе» режимінде ауқымды қызметтер кешенін көрсетуді көздейді. Өз кезегінде орталық келушілер үшін қолайлы аймақтармен, техникалық жабдықталған жұмыс орындары, ақпараттық стендтер орнатылған, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы ұйымдастырылған. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықты жалпыға бірдей қабылдамауды қалыптастыру, азаматтардың мемлекеттік билік институттарына сенімін арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында сервистік әкімдік жанынан «Жетісу — адалдық алаңы» кеңсесі жұмыс істейді.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»





