Тәуелсіздіктің төл құрдастары орда бұзар отыз жасқа аяқ басты. Егемен елмен бірге өсіп келе жатқан олардың арманы айқын, мақсаты анық, жоспары жүйелі. Бодандықтан бостандыққа аяқ басқан еңселі елдің еркін ұрпағы бүгінде жалындап жүріп, бір отбасының тірегі, жанашыры, қамқоршысы болар әке мен анаға айналды. Кеше ғана азаттықтың ақ таңымен өмірге шыр етіп келген Самат Сағымбаев бүгін қара шаңырақтың отағасы, әке үмітін ақтаған, ана алғысын арқалаған жанашыр перзент, бес баланың асқар таудай әкесі.
ӘКЕСІ Ермек Сағымбайұлы мен анасы Шынар Сұлтанқызын 1991 жылы ата-ана бақытына бөлеген Самат бүтіндей бір әулетті емес, талай мықтылар түлеп ұшқан Талапты ауылының әр тұрғынына қуаныш сыйлады. Ауылдаспен қауымдасып өскен, бірлігі мен берекесі жарасқан алақандай ауылдың ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелердің ақ батасын алған қазақтың қара домалақ баласы бақытты балалық шақтың бал дәмін татып өсті. Ол соңынан ерген інісі Темірланға үлгі болуды есінен шығарған емес. Әке-шешеден алған тәрбиені, ата-апалары айтқан «алдыңғы арбаның дөңгелегі қалай жүрсе, соңғы дөңгелек те солай жүреді» деген сөздің қадіріне жете білді. Шүкір, бүгінде ағасы тұрып, інісі сөз алмайтын, «ағасы бардың жағасы, інісі бардың тынысы бар» деп сыйласқан екі бауырға қарап өзгелер бой түзеп жүр. Бұл – әкенің қаны мен ананың ақ сүтімен берілген тектілік пен тәрбиенің үлкен жемісі.
Самат жастайынан өте ақылды өсті. Перзентін жоқшылықтың ауылынан дәм татқызбас үшін қолда барын аямайтын әрбір ата-ананың еңбегі ерен. Алайда Самат бардың қадірін ерте жастан-ақ түсіне білді. Жігіт болған шақта әкеден айырылды. Балалары үшін қолда барын аямаған, қос тұлпарын өмір жолында сүрінбеуге тәрбиелеп жүрген асыл әке кенеттен жалған дүниемен қоштасып, мәңгі мекенге аттанды. Енді қос перзентін азамат етіп, ел қатарына қосып, бір-бір шаңырақ ету бір ананың мойнына артылды. Өмірде көргені мен түйгені мол Шынар ана қандай қиындық кездессе де қасқайып тұрып қарсы алып, күліп шығарып салып, қос балапанын тыным таппай, жемтік тасыған қарлығаштай асырап бақты. Кешегі қиын күннің соңынан жадырап жаз келіп, күлімдеп күн шықты. Әкесі көре алмаған бала-шаға қызығын анасы көріп, қос ұлынан 6 немере сүйіп отыр. Қалай десек те, ұл бала үшін әкенің орны тым бөлек. Шынымен де бұл әрбір пенденің маңдайына жазылған өмірдің ақиқаты. Әкеден ерте айырылса да өмірге өкпесін артпай, басына түскен қиындыққа тауы шағылмаған Саматтың ұстамдылығы, жігерлілігі, азаматтығы әкесінен дарыған асыл қасиет.
ЕГЕМЕН елдің еңселі ұлы мектепте жақсылардың қатарынан көрінді. Ойын баласы болса да, төрт пен бес алу арқылы ата-анаға қуаныш сыйлаудың қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінетін. Талдықорған қаласындағы №16 орта мектеп-гиназиясында, Талапты орта мектебінде, кейін Алматы қаласындағы №126 мектепте оқыған ол үнемі ұлағатты ұстаздардың мақтанышына айналды. Білім көкжиегінде еркін жүзген асқақ арманының айқын мақсатқа айналуы жолында тынбай еңбек етті. Алтын ұя мектебімен қоштасқан жас түлек М. Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясына оқуға түсті. Өзі қалаған оқу орнын бітіріп, елге қызмет етті. Үлкенді де, жасты да сыйлап өскен Саматтың болмысына, мінезіне қарап Алаштың көрнекті қайраткері Әлихан Бөкейханның: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген ұлағатты сөзі дәл біздің кейіпкерге айтылған дерсіз. Мінезі көркем, көпке жанашыр, өзін емес, өзгені бірінші ойлап тұратын бауырмашыл, қамқор азамат бүгінде құрылыс компаниясының білікті де білімді мамандарының бірі. Ұжымына сыйлы ол «елге пайдам тисін» деп сөзбен емес, іспен нәтиже көрсеткенді жөн санайды. Мұндай асыл қасиет қазір көп азаматтың бойына жетіспей жүр десек, артық айтқандық болмас. Жас та болса бас болған, отызында орда бұзған ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ҚҰРДАСЫ Самат Ермекұлының бойындағы жақсы қасиет кейінгілерден табылсын дейміз.
– ТӘУЕЛСІЗДІК алған жылы өмірге келгеніме қуаныштымын. Бұл адамды жігерлендіріп қана қоймай, көп жауапкершілік артады. «ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ҚҰРДАСЫМЫН» деген мақтаныш сезім үнемі бойыңды кернеп тұрады. Еліміз дамып, алпауыт мемлекеттермен терезесі теңеліп жатқанда бірінші өзіме «ЕЛІМ ҮШІН НЕ ІСТЕДІМ?» деген сұрақты жиі қоямын. Істеген әрбір ісім, жеткен азғантай жетістігіме қарап, осы елде текке өмір сүріп жатпағаныма қуанып қоямын. Бүгінгі менің басты жетістігім – ОТБАСЫМ. Өйткені, қазақтай текті халықтың жер бетінде ұзақ жасауы – саналы ұрпағына байланысты. Мен елімнің азаматы ретінде қайырымды, саналы ұрпақ тәрбиелеуге, қазақ санының артуына аз да болса үлес қосқаныма қуанамын. Менің балаларым осындай қасиетті жерде дүниеге келгеніне мақтануы керек. Болашақта солай болады да. Мен үлгі тұтатын адам – ӘКЕМ мен АНАМ. Әкем нағыз ер-азамат болатын. Бізге аз ғана уақыт тәрбие берсе де, өмір бойына жететін азық болды. Бізді ауыл жұрты да, таныстарымыз да «Ермектің ұлдары» дейді. Біз інім екеуміз сол атқа кір келтірмей жүруге барынша тырысамыз. Жарық дүниені көруіме себепші болған Құдайға, содан кейін ата-анама алғыс айтамын. Әкем өмірден өткен соң ұл баланы тәрбиелеу анама оңай болмағаны анық. Бірақ інім екеуміз анамызды ренжітпеуге, көңіліне қаяу түсірмеуге әлі де күресіп келеміз. Қандай да бір іс бастасақ, анамызбен ақылдасып, сол кісінің ақ батасын алуға асығамыз. Қазір інім екеуміз де бір-бір шаңырақтың иесі атандық. Ендігі тілек – бейбіт елде анамыз немере қызығына тоймай, шөбере қолынан су ішіп, біздің арамызда ұзақ ғұмыр кешсе,– дейді көпбалалы әке, ТӘУЕЛСІЗДК ҚҰРДАСЫ Самат Ермекұлы.
ҚАЗАҚТЫҢ: «Бас екеу болмай, мал төртеу болмайды» деп айтқан құнды қағидасына ешқашан қарсы шыға алмаймыз. Себебі, текті халықтың әр сөзі алтыннан да құнды қазына. Қазақы отбасында тәрбие алған кейіпкеріміз сөз қадірін өз қадірім деп түсінетін азамат. Жалындап тұрған жастық шақта от басудан аулақ жүріп, әр адымын асқан жауапкершілікпен басқан Самат болашағын көп ойлайтын. Әсіресе, бар жақсыны үстіне ілген, бар тәттіні аузына тосқан, түн ұйқысын төрт бөліп асырап-баққан АСЫЛ АНАСЫН қуантып, үнемі қуаныш сыйлауды еш ұмытқан емес. Бір баласының екеу болып, өз алдына отау құрып, ұрпақ жалғасқанын көру, ЕНЕ, АПА атану әрбір қазақ әйелінің басты арманы десек қателеспеспіз. Самат 2012 жылы Гүлнұр атты қазақтың текті қызымен танысып, шаңырақ көтеріп, анасына қуаныш сыйлайды.
Жас отбасы жаңа егілген жас талдай болатыны анық. Қалай исең солай қисаятын жас шыбықтың тамыры тереңге бойлап, мықты бәйтерекке айналу үшін оған көп күтім керек. Жайқалған мәуелі ағаштың құлпырып өсуі үшін бір адамның ерік-жігері жеткіліксіз. Отбасындағы сыйластықтың алауы өшпес үшін екі тарап та бір кісідей атсалысуы тиіс. Жас болса да өмірдің ащы дәмін ерте татқан Шынар ана балаларының үлгілі отбасы болуы үшін барын салды. Өзі жалғыз болса да дүркіретіп той жасап, мың жылдық құда-құдағи атанды. Тұңғышының қуанышы ұзағынан болсын деп күндіз-түні дұға еткен ананың тілегі қабыл болды. Бүгінде сегіз жыл бір шаңырақтың астында өмір сүріп келе жатқан Самат пен Гүлнұр көпшілікке үлгі. Махаббат пен сыйластықтан құрылған жас шаңырақтың керегесі кең, босағасы берік. Есігі ашулы, дастарқаны жаюлы, шайы құюлы, қазаны оттан түспейтін Гүлнұр – ененің де, ағайын-туыстың да қас-қабағына қарап, үлкеннің алдынан кесе-көлденең өтпейтін сыпайы келін. «Адам ақылымен сымбатты, отбасымен қымбатты» деген ұстанымды ту еткен көпбалалы ана бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетіп отыр. Шаңырақтың шаттығы мен берекесі әйел адамға байланысты екені анық. Саматтың бар тапқанын ұқсатып, жоқтан бар жасап отырған шаңырақтың отанасы жастайынан көпбалалы ана болуды армандаған. Құдай тілегін қабыл етіп, бес бірдей періштенің анасы атанды.
АНАДАН АҚ ТІЛЕК
Шынар СҮЛЕЙМЕНОВА:
– Аналық сезімді алғаш сыйлаған Саматымды тәуелсіздік алған жылы босанғаныма қуанамын. Сол кездегі елдің шаттанғанын теледидардан көріп, газет беттерінен оқыдық. «Балалардың болашағы баянды болсын» деп тіледік. Шүкір, жаман болмадық. Қаншама қиын кездерден сүрінбей өттік. Осы бір қолда бар алтынның қадіріне жетсек болғаны. Тәуелсіздік тұғыры биік болсын.
Әр перзент әке үмітін, ана сүтін ақтап, ата-аналарының алғысын алса деймін. Саматым мен Гүлнұрыма барлық жақсылықты тілеймін. Жамандықтарын көрсетпей, жақсылықпен мені қуантып, жаннан да артық тәтті немерелер сыйлағанына рахмет айтамын. Жаратқан балалардың амандығын берсін. Ел аман, жұрт тыныш, берекелі заман болсын!
«Әлемдегі ең сұлу – қазақ әйелі: менің жарым, менің анам, менің қызым. Қазақты қазақ қылған осы әйел болатын, сұлу ғана емес, сымбатты, мінезді, ақылды, адал жар, абзал ана, ағайынға қамқор, ауыл-аймаққа құт, ердің мақтаны, елдің көркі», – деп айтқан Мұхтар Мағауиннің асыл сөзін жүрегімізге жаттап алсақ екен. Мұны айтуымызға осы әулеттегі қыз бала тәрбиесі себеп. Әкесі қызғалдақтай құлпырған Жасмин, Аяла, Кәусарға үнемі төрден орын ұсынады. Қазірдің өзінде қырық үйден тыюды ұмытпаған әкесі қыздарының маңдайынан жел естірмей, бар жақсыны алдымен ұлға емес, қызға берсе, анасы қызғалдақтарының ертеңгі күніне деген азықты бүгіннен бастап жинап жатыр.
– Бар байлығым – ОТБАСЫМ. Ата-ананың қадірін балалы болып түсініп жатырмыз. «Адамның бір қызығы бала деген» деп Абай атамыз айтқандай, шынында адамға қуаныш сыйлайтын баланың орны ерекше. Тұңғышымыз Қазбек 7 жаста, Әмір 6, Жасмин 5, Аяла 3, кенжеміз Кәусар жасқа толған жоқ. Бұлар егемен елдің ұрпақтары. Осындай тәуелсіз мемлекетімізде тұрып, еш алаңсыз балаларымызды асырап жатқанымыз нағыз бақыт. Өзге елдердегі түрлі жағдайды көріп, қазақтың кеңдігі мен теңдігіне бас иіп, бостандық жолында құрбан болған барша аға-әпкелеріме аналық жүрегіммен алғыс айтамын. Отанның бір бөлшегі – отбасы. Еліміз берекелі, Отанымыз тыныш болсын десек, отбасындағы тәрбиеге бірінші көңіл бөлуді ұмытпайық. Мысалы, қазір ене мен келін арасындағы сыйластық жайлы әзіл-қалжың көп. Бір шетінен бұл халыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлап жатса, екіншіден, көзге көрінбейтін ең ұлы сыйластыққа сызат түсіруде. Енені үнемі жағымсыз кейіпте көрсету кейінгі ұрпаққа пайда алып келмейді. Өз басым, келін болып осы әулеттің босағасын аттағаннан енемді туған анамдай қабылдадым. Бұл – анамның үнемі айтқан ақылы. Жақсылығымды асырып, жамандығымды жасырып жүрген анама алғысым шексіз. Замандастарым шаңырақтың шаттығын асырып, үлкендердің батасын алып, ана болу бақытына қол жеткізсе деп тілеймін. Өйткені, қазақтың қара көздерінің барлығы сәби сүйіп, соңына қайырымды да қайырлы ұрпақ қалдырса сол бақыт, – дейді өзіне тән биязылықты сақтаған жас ана. Олай болса, аналық ақ тілек қабыл болсын демекпіз.
«Отызда орда бұзбаса, қырықта қамал алмайды». Расымен де 30 жаста қолынан іс келмеген жігітке 40 жаста үміт артудың өзі артық. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз 30 жаста өзі баспана алып, оның ішін баланың күлкісімен толтырып, өз алдына қызмет етіп, ер жігіттің тұлпары саналатын көлікті де тізгіндеп үлгерді. Ең бастысы – бауырларына берер кеңесі, ұрпағына айтар ақылы бар. Қазақтың осындай еңселі ерлері көп болсын!
Еңлік КЕНЕБАЙ





