Соңғы 3 жылдық динамикадағы инвестициялық кіріс тұрақты өсім көрсетіп, зейнетақы активтерінің кірістілігі инфляция деңгейінен асып түсті. Инвестициялық кіріс мөлшері қаржы және валюта нарығындағы жағдайларға байланысты құбылып отырады. Инвестициялық кіріс мөлшеріне бірнеше факторлар әсер етті. Мәселен, қаржы нарығындағы жағдай: акциялардың, облигациялардың және басқа құралдардың бағасы құбылуы мүмкін, бұл инвестициялық кірістің мөлшеріне оң ықпал етеді. Жекелеген құралдарды нарықтық қайта бағалау нәтижесінде біз бағалы қағаздар құнының 1 жыл ішінде өзгеруін байқаймыз.
Инвестициялар шетел валютасымен байланысты болса, онда валюта бағамындағы өзгерістер инвестициялық кіріс мөлшеріне әсер етеді. Жоғарыда атап өткеніміздей, зейнетақы жинақтары қаржы құралдарына түрлі валютада инвестицияланған. Инвестициялық кірістің ауытқуы нарықтардағы, соның ішінде валюта нарығындағы құбылмалылықтың жоғарылауымен байланысты болуы мүмкін. Осының салдарынан апта сайын зейнетақы активтерін оң немесе теріс валюталық қайта бағалау қалыптасады, осыған байланысты салымшылар өздерінің жеке зейнетақы шоттарында инвестициялық табыстың өзгеруін байқайды.
Зейнетақы жинақтары – ұзақмерзімді инвестиция. Олар, ең алдымен, еңбек ету мерзімі аяқталғаннан кейін алатын зейнетақы төлемдерін қамтамасыз етуге бағытталған. Қордың зейнетақы активтері ұзақ инвестициялық көкжиекке ие және инвестициялаудың негізгі мақсаты – ұзақмерзімді кезеңде нақты табыс алу. Сондықтан оларды басқару нәтижелерін объективті бағалау үшін кем дегенде 1 жыл кезеңіндегі деректерді талдау қажет. Мұндай мерзім инвестициялардың тиімділігін ұзақмерзімді перспективада бағалауға мүмкіндік береді. Қысқамерзімді деректер көрсеткіш бола аламайды.
БЖЗҚ АҚ баспасөз орталығы