«Жанұя» отбасын қолдау орталығы әлеуметтік осал отбасыларға жан-жақты көмек көрсетуді жалғастыруда.
2020 жылдан бастап Талдықорғанда «Жанұя» отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Мақсат – көпбалалы, аз қамтылған және әлеуметтік осал топтағы отбасыларға кешенді көмектесу. Орталық психологиялық, заңдық және әлеуметтік қолдау көрсетеді. Сондай-ақ, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтардың өмір сүру жағдайын жақсарту бағдарламаларын іске асырады.
Орталық қызметінің негізгі бағыттарының бірі халықтың осал топтарындағы әйелдерді тегін оқыту. Мекеме ашылғаннан бері 409 ана қысқа мерзімді курстан өткен. Орталықта аспаз, кондитер, тігінші, массажист, визажист мамандықтары бойынша курстар ұйымдастырып, компьютерлік сауаттылық сабақтарын өткізеді. Курсты аяқтағаннан кейін қатысушылар сертификат алып, кейіннен жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.
Биыл курстарда 23 әйел оқуын жалғастыруда. Орталықта балаларға ерекше көңіл бөлінеді. Қазіргі уақытта 198 оқушы ағылшын, қазақ, орыс тілдерінен және математикадан қосымша білім алуда. Сондай ақ өскелең ұрпақтың білімін тереңдету және әлеуетін дамыту мақсатында 1-11 сынып оқушыларына білім беруді қолдау, бұдан басқа eGov порталы арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша белсенді түрде орталық қызметтері ұсынылады.
Соңғы айлардың өзінде 5 мыңнан аса сандық қызмет көрсетілген, оның ішінде ЭЦҚ ресімдеу, тұрғылықты жері бойынша тіркеу, атаулы әлеуметтік көмек және түрлі анықтамалар алу бар.
А. Ыбырай
Талдықорған қаласы
Фото: Талдықорған қаласының «Жанұя» отбасын қолдау орталығы