2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары республика бойынша 394 кәсіпорында 9,8 мыңнан астам жұмыскерге 2,3 млрд теңге жалақы берешегі бар екенін анықтады, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Тексерулер барысында еңбек заңнамасының бұзылуының 6,5 мыңнан астам фактісі тіркелген. Жалақы бойынша берешегі және еңбек құқығының бұзылуы анықталған кәсіпорын басшыларына 3 369 ұйғарым беріліп, 428,2 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 9,6 мың жұмыскердің құқықтары қорғалып, оларға жалпы сомасы 2 млрд. теңге жалақы төленді.
Министрліктің мәліметінше, еңбек заңнамасының сақталуын бақылау ерекше назарда. 2025 жылдың басынан бері 5 306 тексеру жүргізіліп, 6 571 бұзушылық анықталған. Оның ішінде 5 427 жағдай еңбек саласында, 1 111 – еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, 33 – халықты жұмыспен қамту саласында орын алған.
Жалпы қабылданған шаралардың арқасында жыл басынан бері 49,6 мың жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды.





