Мемлекеттің айбыны мен әлеуеті халықтың тұрмыс-тіршілігінің тынысынан анық байқалады. Осы тұрғыдан алып қарағанда облыстағы ахуал қандай, әлеуметтік-экономикалық жағдай уақыт талабына сай ма, жұмыспен қамту деңгейі қаншалықты нәтижелі, оның ішінде әлеуметтік осал топтарға, арнайы қамқорлықты қажет ететін мүмкіндігі шектеулі жандарға қандай нақты көмектер көрсетілуде деген сұрақтарға нақты жауап алу үшін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Маржан МҰРАТПЕН жолығып, сұхбаттасқан едік.
– Облыс бойынша қанша мүмкіндігі шектеулі азамат бар? Оларға мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетілуде?
– Облыста 67 мың 820 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Мемлекет тарапынан көптеген көмек түрі қарастырылатын. Мүмкіндігі шектеулі жандар мүгедектігіне байланысты арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алады. Сонымен қатар, мүгедектікті оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес, техникалық оңалту құралдарымен және қызмет түрлерімен қамтамасыз етіледі. Аталған көмектің барлығын біздің облыста тіркелген мүмкіндігі шектеулі азаматтар толық алып отыр.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 22 қаңтардағы №26 бұйрығына және «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» 2005 жылғы 13 сәуірдегі ҚР Заңына сәйкес әлеуметтік көмектер көрсетілуде. 2020 жылы мүгедектерді оңалтуға 5,2 миллиард теңге бөлінді. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 1,3 миллиард теңгеге артық. Кембағал азаматтарға жоспар бойынша көмектің түрлері де тұрақты көрсетіліп отырады. Мысалы, санаториялық-курорттық емделумен 5687 адамды қамтуға 571,1 миллион теңге бөлінді. Арнайы техникалық қозғалу құралдарымен 1865 адамды қамтуға 258,0 миллион теңге қаражат бөлініп, жоспар 100 пайыз орындалды. Протездік-ортопедиялық құралмен қамтуға 5549 құрал алу үшін 455,4 миллион теңге қарастырылған. 1931 тифлоқұрал алуға 243,3 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінді. Сурдоқұралдармен 1658 адам қамтылды, 5 мың 117 гигиеналық құралға 775,7 миллион теңге, 4376 жеке қызмет көрсететін қызметшіге 1618,1 миллиард теңге, ымдау тілі мамандарының қызметтеріне 160,1 миллион теңге, биыл кохлеарлық импланттары бар 34 адамға сөйлеу процессорларын алуға 166,6 миллион теңге бөлінді.
– Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыруда қандай жеңілдіктер қарастырылған? Жалпы, жұмыспен қамтылған мүгедек жандар көп пе?
– Алматы облысында 62 мың 126 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Бұл халық санының 3,3 пайызын құрайды. Облыста мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтудың белсенді түрлерімен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Оған күн сайын жұмысқа орналасып, өз еңбегімен несібесін тауып, көпке үлгі болған азаматтардың ісі дәлел. Атап айтқанда жұмысқа орналастыруға мемлекет тарапынан кәсіпорындарда жұмыс істеуге квота қарастырылған. 2020 жылы облыста жалпы саны 100727 адамнан тұратын 635 кәсіпорында квота бойынша 2601 жұмыс орындары анықталды. Онда 1 мың 493 кембағал жан жұмыс істеуде. 185 мүмкіндігі шектеулі азамат квота негізінде тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. Сонымен қатар, ағымдағы жылы 1270 мүмкіндігі шектеулі азаматты жұмыспен қамту, 64 азаматқа шағын несие және 32 азаматқа жаңа бизнес идеяларды дамытуға қайтарымсыз грант беру жоспарланған. 2020 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 448 адам тұрақты жұмыспен, оның ішінде 185 мүгедек квота негізінде тұрақты жұмыспен қамтылды. 643 адам қоғамдық жұмыстарға жіберілсе, 37 адам кәсіптік оқытуға бағытталды (аспазшы, тігінші, есепші, кондитер, іс-қағаз жүргізуші). 51 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылса, 17 түлек жастар тәжірибесі бойынша жұмысқа жолданды. 66 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, 7 адам шағын несие алып, 70 адам жаңа бизнес идеяларды дамытуға қайтарымсыз грантты иеленді.
– Кембағал жандарды жұмыспен қамтитын кәсіпкерлерге жеңілдік көрсетіле ме?
– 2019 жылы 4 адамды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялауға 11 миллион теңге жоспарланып, жыл қорытындысы бойынша 4 жұмыс орны құрылды. 11,0 миллион теңге толығымен игерілді. «Қазақ саңылаулар қоғамы» «Болашақ» корпоративтік қоры 1 мүгедекті жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құруға 2,8 миллион теңге, «Азат» бас бостандығынан айыру орындарынан 1 мүгедекті жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құруға 2,8 миллион теңге, «A&A: IT – services & Education» жастар қоғамдық бірлестігінен 2 мүгедекті жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құруға 5,5 миллион теңге бөлінді. 2021 жылға мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялауға 6,7 миллион теңге қарастырылуда.
– Әлеуметтік осал топтардың құқығын қорғайтын қоғамдық ұйымдардың жұмысы жайлы айтсаңыз.
– Облыста үкіметтік емес ұйымдармен мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық қызмет қарастырылған. Үкіметтік емес ұйымдар арқылы үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін республикалық бюджеттен 170 адамға 45542,0 мың теңге (30,54 миллион теңге республикалық бюджеттен ал, 15,0 миллион теңге жергілікті бюджеттен) бөлінді. Нәтижесінде, 2020 жылы 178 адам қызметпен қамтылды. Жартылай стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін 176,0 миллион теңге бөлінді. 2020 жылы 190 адам арнаулы әлеуметтік қызметпен қамтылды. Облыс бойынша 2231 орынға арналған 13 медициналық-әлеуметтік мекеме арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Штат саны 1861,5 бірлікті құрайды. Орталықтарға 2020 жылға 4 049,0 миллион теңге қарастырылған.
– Мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қызмет көрсететін қызметкерге қандай жеңілдіктер бар?
– «Оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектер үшін жеке көмекшінің және естуі бойынша мүгедектер үшін жылына алпыс сағат ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтерін ұсыну қағидалары» негізінде, жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектер үшін жеке көмекшінің қызметі және ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтері ұсынылады. Жеке көмекшінің әлеуметтік қызметтеріне ақы төлеу мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қарастырылады. Мүгедектерге және мүгедек балаларға тегін санаторий-курорттық жолдама беріледі.
Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Еңлік КЕНЕБАЙ





