Талдықорған: +19°C
$ 469.52
€ 553.75
₽ 6.15
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР ӘЛЕУМЕТ

Қайыршылық кәсіп пе?

20.04.2026
ӘЛЕУМЕТ
Қайыршылық кәсіп пе?

ЖИ

WhatsAppTelegramFacebook

«Қызым, көмектесші, сен үшін Аллаға дұға жасаймын. Бақытты бол!» деп бата беріп, ақша алмаса артыңнан қарғап қалатын апаны Талдықорған тұрғындарының барлығы дерлік таниды. Қайыр сұрап, қол жайғандар әр қалада бар. Жұрт оларды қайыршы, тіленші деп те атайды. Қайыршылық – тағдырдың тауқыметі ме әлде күнделікті табыс көзіне айналған «кәсіп» пе? Көше кезіп, өткен-кеткенге жалынатын бұл жандар шын мәнінде кімдер?

Қазір қайыршылық қоғамның өзекті мәселесінің бірі. Қала көшелерінде, қоғамдық орындарда қол жайған адамдардың қарасы көбеюде. Алайда осы қол жаюды кездейсоқ құбылыс деп қарау – қателік. Бүгінде бұл нақты ережесі мен өзіндік заңдары бар жасырын индустрия. Мысалы, қаланың кез келген нүктесі ақша әкелмейді. Адам көп шоғырланған метро маңы, орталық базар мен мешіт алды – «олжалы» орындар. Мұнда қалаған қайыршы тұра алмайды. Әр шаршы метр үшін талай талас-тартысқа түскен тиын сұрайтындардың тіпті, белгілі бір топтарға «салық» төлейтін жүйелері де бар деседі.

Ал қайыршылықтың жілігін шағып, майын ішкендер нағыз психолог дерсің. Олар адамның ең әлсіз тұсын тапқан. Ақша үшін аяушылық сезімін қалай оятуды жақсы біледі. Сіз бен біз көретін көшедегі сәби құшақтаған ананың көбі балаларына тыныштандыратын дәрі бергенімен қоймай, сол арқылы сіздің жүрегіңізді жібіткісі келеді. Ол – ол ма?! Мүгедектер арбасы мен ауру үй жануарлары да теңге жасаудағы тактика болып шығуы бек мүмкін. Осылайша адамдардың аңқаулығы мен әлсіз тұсын пайдаланып, ақыр соңында әмиянын ашқызады. Оның үстіне көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу керек деген тәрбиемізде бар.

Он екі мүшесі сау, қол-аяғы балғадай қайыршыларды көзіміз шалып қалады. Олар неге жұмыс істемейді? Тым құрығанда еден жуса да асын адалынан ішеді ғой деп ойлайсыз. Енді мына қызықты қараңыз, «кәсіпқой» қайыршының бір күндік табысы білікті маманның тәуліктік жалақысынан бірнеше есе асып түседі екен. Ал, айлық «табысы» 300-500 мың теңгеден де асып жығылады. Бұл олардың неліктен басқа жұмыс іздемейтініне басты жауап.

Мәселенің ең сорақысы – алаяқтардың айласынан көмекке шын мұқтаж жандардың тасада қалып жатуы. Тағдыр тауқыметіне тап болған адамдар көбіне адам алдын кес-кестемейді. Олардың көзінен агрессия көрмейсіз. Көмектеспегеннің жеті атасынан қарғап-сілеп жатқанын да байқамайсыз. Кәсіпқой қайыршының қасында көмекке зәру адамның көлеңкеде қалып жатқаны қынжылтады.

Қала ішінде түрлі қайыршыны көреміз. Таңертең «мүгедек» болып жұмысқа келіп, кешкісін өз аяғымен үйіне қайтатындарды көрдік. Өздеріңіз де әлеуметтік  желіде тараған видеоларды көрген шығарсыздар. Ондайлар үлкен қалаларда көп қой. Жұмысқа шыққандай алба-жұлба киімдерін киеді. Онымен қоймай, ақша бермеген адамға ренжіп, артынан жаман сөздер айтып, тіпті боқтап та жатады. Құдды барлығы соларға міндетті сияқты қабылдайды, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Әйгерім Кәкенова.

Экономиканың қарапайым заңы мұнда да жұмыс істейді. Сұраныс бар жерде ұсыныс та болатыны белгілі. Адамдар ақша бермесе, қайыршылардың «кәсібі» көзден таса бола ма дейсің. Біз оларды көшеден кетуге емес, керісінше, ертең де осы орынға қайта оралуына ықпал етеміз. Демек, қайыршылықтың қоғам дертіне айналуына тек созылған қолдар емес, сол созылған қолды ақшасыз қайтармайтын қасиетіміз де себепкер. Қызығы біз қайыршыға ол үшін емес, өзіміз үшін ақша береміз. «Садақа бердім, мұқтаж жанға көмектестім. Демек жақсылық жасадым» деген сезім адамның өзін жомарт сезінуіне себеп. Шын мәнінде, ол ақшаның қайда кететініне бас қатырып жатқымыз келмейді. Ал, психолог Камила Мергенбаева қайыршылық сана бала кезден қалыптасады дейді.

Қайыршылық сана – біреуге тәуелді, біреудің есебінен күн көруге бейім сана. Мұндай адамдар әдетте өзгелер оларға ақша беруге міндетті деп есептейді. Ауыр еңбек етпей, жаны ашитын адамдар есебінен тапқан табысын тұрақты жұмысқа айналдырады. Қарапайым адамның да психологиясы сол – өзінен төмендеу адам көрсе, көмектескісі келіп тұрады. Көшеде отырған кейбір қайыршылардың үйі, жағдайы бар, он екі мүшесі сау. Бұл топтағылар үшін қайыршылық кәдімгі мамандықпен бірдей. Бірақ шынымен көмекке мұқтаж адамдар бар екенін де жоққа шығара алмаймыз. Олар – жалғызбасты аналар, зейнеткерлер мен мүгедектер болуы мүмкін, – дейді маман.

Қайыршылық та құқық бұзушылық. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 449-бабында қоғамдық орындарда тиісу, оның ішінде ақша сұрап мазалау үшін нақты жауапкершілік қарастырылған. Заң тілінде сөйлесек, бұл – «қоғамдық тәртіпті бұзу». Алғаш рет ескерту жасалса, кейін айыппұл салып, тіпті қамауға алады. Алайда мәселе заңның бар-жоғында емес, оның орындалуында жатыр. Тіленшілер тәртіп сақшыларын көрген бойда көзден таса болып, олар кеткен соң «орындарына» қайта оралуды әбден меңгерген.        

ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабына сәйкес, азаматтарды мазалап, ақша немесе басқа да заттар сұрауға қатаң тыйым салынған. Біздің тәжірибемізде «кәсіби» қайыршылықпен айналысатындар жиі кездеседі. Тіпті, арасында өзін мүгедек немесе ауру етіп көрсету үшін грим мен арнайы құралдарды пайдаланатындар да бар. Тәртіп сақшылары мұндай деректерді анықтаған жағдайда алдымен ескерту жасайды, ал заң бұзушылық қайталанса, айыппұл немесе 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу шаралары қолданылады. Жыл басынан бері 2500 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға айыппұл салынды. Азаматтардан сұрайтынымыз, қайыршылықты кәсіп етіп алған адамдарға ақша беріп, заңсыз бизнестің дамуына жол бермеңіздер. Егер адам шынымен көмекке мұқтаж болса, оны тиісті әлеуметтік оңалту орталықтарына бағыттаған жөн, – дейді Жетісу облысы Полиция департаментінің ресми өкілі Жанар Калыкова.

Дін мен дәстүрімізде мұқтажға қол ұшын созу тек адами парыз ғана емес, иманның белгісі. Алайда, ислам діні де, өзге діндер де адамның еңбектенбей, өзгеге қол жаюын құптамайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Берген қол алушы қолдан қайырлы» деген. Күш-қуаты бар, дені сау адамның жұмыс істеудің орнына сұраншақтық жасауы діни тұрғыдан айыпталатын іс. Бұл мәселеге қатысты имамдар да өз пікірін білдірді.

Дін – адамды еңбекке, ізгілікке және ар-намысқа тәрбиелейді. Қасиетті кітаптардың ешбірінде «қолыңды жайып, еңбексіз мал тап» деген насихат жоқ. Керісінше, адамның өз несібесін адал еңбекпен іздеуі – үлкен ғибадат. Біз көшедегі созылған қолға тиын тастағанда, шын мәнінде оның тағдырына емес, нәпсісіне көмектесіп жатуымыз мүмкін. Нағыз садақа — мұқтаждығын айтуға намысы жібермейтін, бірақ шын қиналған жанның қажетіне жарау. Сондықтан, «садақа беріп, сауап аламын» деген аңғалдықпен, біреудің харам кәсібін дөңгелетіп бермеуіміз қажет.

«Қой терісін жамылған қасқырдай» кәсіптің «қайыршылық» деген түрімен күн көргендер көп. Түйткілді тек тыйым салу немесе жазалаумен шешу мүмкін емес. Қоғамнан саналы таңдауды, ал мемлекеттен жүйелі бақылауды талап ету де өзекті. Бүгінде ақшаның тиісті мекенжайға жетуін қадағалайтын, ашықтық пен есептілікті ту еткен ресми қайырымдылық қорлары бар. Садақаны қолға емес, осындай сенімді ұйымдарға аудару мәдениетін қалыптастыру – көшедегі көлеңкелі бизнестің тамырына балта шабудың ең төте жолы. Бұл сіздің тиыныңыздың алкогольге немесе қылмыстық топтың олжасына емес, шын мұқтаждың дәрі-дәрмегіне немесе киіміне кететініне кепілдік. Сонымен қатар адамды қоғамнан шеттетпей, оған қайтадан ортаға қосылуға мүмкіндік беру. Шынымен тығырыққа тірелген жандар үшін әлеуметтік баспаналар мен оңалту орталықтарының желісін кеңейту қажет. Қайыр сұрап, қол жаю – күн көрістің жалғыз жолы емес екенін дәлелдеу үшін оларға мүмкіндігіне қарай жұмыс орындарын ұсыну, кәсіби қайта даярлаудан өткізу маңызды.

Қоғамның мақсаты – адамға дайын ас беріп еріншектікке үйрету емес, оның қолына «қармақ» беріп, өз несібесін өз еңбегімен табуға баулу болу шарт.

Көшедегі тіленшінің бірі шын мұқтаж болса, екіншісі айласын асырып, кәсіп қылып отыр. Масылдық – қоғам дерті. Ал, сол дерттің дауасы біз әмиянымызды ашқанда емес, ақылымызды қосқанда табылар.

Мақпал Әділханқызы

Қатысты жаңалықтар

Премьер-министрдің ВАК отырысында көші-қон жағдайы қаралды

Премьер-министрдің ВАК отырысында көші-қон жағдайы қаралды

20.04.2026
«Заң мен Тәртіп» – жаңа Конституцияның негізгі қағидаты: Олжас Бектенов ВАК отырысын өткізді

«Заң мен Тәртіп» – жаңа Конституцияның негізгі қағидаты: Олжас Бектенов ВАК отырысын өткізді

20.04.2026
Мемлекет басшысы Анталия дипломатиялық форумының ашылу рәсіміне қатысты

Мемлекет басшысы Анталия дипломатиялық форумының ашылу рәсіміне қатысты

20.04.2026
Мемлекет басшысы Мұхтар Шахановтың қайтыс болуына байланысты көңіл айтты

Мемлекет басшысы Мұхтар Шахановтың қайтыс болуына байланысты көңіл айтты

20.04.2026
Әскери ортадағы қазақ тілінің өрісі

Әскери ортадағы қазақ тілінің өрісі

20.04.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.