Қазақстанда темекі өнімдеріне ең төменгі бөлшек сауда бағаларын арттыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Telegram-арнасындағы «Юрист «Параграф»» арнасы хабарлайды.
Қаржы министрлігі әзірлеген жаңа өзгерістер жобасында «Фильтрлі, фильтрсіз сигареттерге, папиростарға, сигариллаларға және қыздырылатын темекісі бар бұйымдарға ең төмен бөлшек сауда бағаларын белгілеу туралы» қолданыстағы бұйрыққа түзетулер енгізу көзделген.
Бұл шара темекі өнімдері бойынша салық салу мен баға белгілеу саласында теңгерімді саясат жүргізуді қамтамасыз етуге бағытталған. Құжат түсіндірмесінде аталған өзгерістердің мақсаты – халық арасында темекі шегу деңгейін төмендетуге ықпал ету.
Қазіргі уақытта жоба аясында жаңа ең төменгі бөлшек бағалардың нақты мөлшері көрсетілмеген.
Құжатпен “Ашық НҚА” порталында толық танысуға болады. Қоғамдық талқылау 19 маусымға дейін жалғасады.