Еліміздің экономикалық әлеуетін халықтың игілігіне жұмсау жолындағы ауқымды жоба алғашқы нәтижелерін көрсетті. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының үш жылдық қорытындысы бойынша 7 млн қазақстандық балаға аударылған жинақтардың жалпы сомасы 2,5 млрд доллардан асты – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған аталған стратегиялық жоба ұлттық байлықты әділ бөліп, жастарға тең мүмкіндіктер беруді көздейді. Биыл бағдарламаға 2008-2025 жылдар аралығында туған 6 918 656 бала қатысты. Ұлттық қордың инвестициялық табысынан бөлінген аударымдардың жалпы сомасы 900 млн доллардан асты. Нәтижесінде 2026 жылы әр баланың шотына 130,71 доллардан қаражат түсті. Кәмелет жасқа толған 356 613 азамат үшін тұтастай 132,1 млн доллар көлемінде қаржы қарастырылған. Жобаның маңызды қыры ретінде қаражатты капиталға айналдыру үдерісін атап өтуге болады. Өткен кезеңдердің қорытындысы бойынша әр балаға есептелген 232,94 доллар сомасына сәйкес инвестициялық табыс 6,91 доллар мөлшерінде болды. Үш жылдағы (2024-2026 жылдар) жалпы жинақ сомасы әр қатысушыға 370,56 доллардан шақталды.
Аталған сома жастардың өмірдегі маңызды мәселелерін шешуге нақты көмек көрсетуде. Мәселен, қаражаттың негізгі бөлігі, яғни 26,3 млн доллар мақұлданған 158 774 өтінім бойынша тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталды. Сондай-ақ 94 068 өтінімге сәйкес білім алу ақысын төлеуге 15,5 млн доллар жұмсалды. Бағдарлама тетігі толығымен цифрландырылған және ашық жүргізіледі. Ата-аналар kids.enpf.kz сайты, egov.kz порталы немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы жинақтарды бақылай алады. Бала 18 жасқа толғанда жинақтар БЖЗҚ-дағы арнайы шотқа аударылып, иесі оған ЭЦҚ көмегімен қол жеткізеді.
Баспана мәселесін немесе оқу ақысын шешу үшін уәкілетті операторларға өтініш беру жеткілікті. Бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан «Отбасы банк» пен Halyk Bank қатарына 2025 жылдың ортасынан бастап «ЦентрКредит Банкі» қосылып, жастардың таңдау мүмкіндігін кеңейтті. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы Қазақстанның әлеуметтік салаға баса мән беретін мемлекет екенін айқын байқатады. Азаматтарға туған сәтінен бастап көңіл бөлу, адам капиталына инвестиция салу – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы. Осындай бастамалардың арқасында жас отандастарымыз өмірдегі маңызды міндеттерді шешу үшін нақты қаржылай қолдауға ие болды. Сапалы білім алу мен тұрғын үй жағдайын жақсарту жолындағы қадамдар ел болашағының кепілі саналады. Бағдарламаның ашықтығы мен тиімділігі халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайта түседі. Ұлттық байлықтың халық игілігіне айналуы әділетті қоғам орнатудың басты шарты.





