Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде Жетісу облыстық полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы басшысының орынбасары Ерасыл Узаков бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, өңірдегі есірткінің заңсыз айналымына қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстардың екі айлық қорытындысын таныстырды. Жиын барысында спикер құқық қорғау органдарының атқарған нақты нәтижелеріне тоқталып, есірткі қылмысына қарсы күрес бағытындағы негізгі басымдықтарды атап өтті.
Басқарма өкілінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірде есірткіге қатысты 37 құқық бұзушылық тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда біршама артқан. Оның ішінде 20 дерек есірткі қылмысы ретінде тіркелсе, 17 жағдай есірткіге байланысты теріс қылықтар санатына жатады. Ерасыл Узаковтың айтуынша, тіркелген қылмыстардың басым бөлігі – есірткіні заңсыз өткізу фактілері.
– Жыл басынан бері 16 дерек бойынша есірткі сату әрекеті анықталды. Сонымен қатар есірткіні заңсыз дайындау немесе өңдеудің 1 фактісі, ал аса ірі мөлшерде сақтау бойынша 3 жағдай тіркелді, – деді ол.
Құқық қорғау органдарының жедел әрекеттерінің нәтижесінде заңсыз айналымнан 11 килограмнан астам түрлі есірткі заты тәркіленген. Оның негізгі бөлігі – марихуана. Бұдан бөлек, гашиш, синтетикалық есірткі және қарасора тұқымдас өсімдіктер де анықталған. Баяндамашының айтуынша, синтетикалық заттардың көлемі өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай көбейген.
– Бұл – есірткінің жаңа түрлері интернет арқылы таралып жатқанын көрсетеді. Сондықтан біз тек дәстүрлі арналардан бөлек, цифрлық кеңістікті де тұрақты бақылауда ұстап отырмыз, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Жалпы өткен жылы есірткі қылмысына қатысы бар 21 адам ұсталған. Олардың арасында тыйым салынған заттарды арнайы орындарға жасырып кететін үш «бетбелгі жасырушы” бар. Тергеу барысында 25 қылмыстық іс аяқталып, сотқа жолданған.
Ақпан айында жүргізілген жедел шаралар барысында есірткі таратумен айналысқан үш адам қолға түскен. Олардың бірі – Өзбекстан Республикасының азаматы. Күдіктілерді тінту кезінде 111 орам есірткі табылып, тәркіленген. Сараптама нәтижесінде оның жалпы салмағы 520 грамм гашиш екені анықталған.
Спикер есірткі саудасының интернет кеңістігінде белсенді жүріп жатқанын атап өтті. Осыған байланысты арнайы цифрлық жүйелер арқылы бірқатар алдын алу шаралары қолға алынған.
– Жыл басынан бері “Кибернадзор” жүйесі арқылы есірткі жарнамалайтын 577 сайт бұғатталды. Сонымен қатар “Антифрод” бағдарламасы арқылы 183 банк шоты тоқтатылды. Ал “Аргус” жүйесі арқылы мыңдаған шетелдік шот пен криптоәмияндарды бұғаттау бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде, – деді ол.
Полиция қызметкерлері әкімшілік құқық бұзушылықтарға да бақылауды күшейткен. Нәтижесінде 32 әкімшілік хаттама толтырылған.
Өңірдегі есірткіге тәуелді адамдар саны да бақылауда. Денсаулық сақтау саласының дерегіне сәйкес, Жетісу облысында 234 адам наркологиялық есепте тұр. Оның басым бөлігі – ер азаматтар. Ал жастар арасындағы көрсеткіш бойынша 18 бен 29 жас аралығындағы 44 адам тіркелген.
Ерасыл Узаковтың айтуынша, мәселені тек құқықтық шаралармен шектеу жеткіліксіз. Сондықтан алдын алу жұмыстары да жүйелі жүргізіліп келеді. Биылғы екі айда облыс көлемінде 205 түрлі профилактикалық іс-шара ұйымдастырылған. Оның ішінде дәрістер, кездесулер, спорттық жарыстар, рейдтер және жастармен арнайы түсіндіру жұмыстары бар.
– Біздің басты мақсат – тек қылмысты анықтаумен қатар жастарды есірткіден алшақ ұстау. Сондықтан мектептерде, колледждерде және жастар жиналатын орындарда түсіндіру жұмыстарын күшейтіп жатырмыз, – деді ол.
Ақпан айында республика көлемінде өткен «Дәрмек–2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында өңірдегі 206 ойын-сауық мекемесі тексерілген. Нәтижесінде азот тотығы немесе өзге де есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты фактілер анықталмаған. Спикердің айтуынша, қоғамның белсенді қатысуы есірткіге қарсы күрестің тиімділігін арттырады.
– Бұл – тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ мәселесі. Әр азамат күмәнді жағдайды дер кезінде хабарласа, көптеген қылмыстың алдын алуға болады, – деді ол.
Жалпы алғанда, Жетісу облысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Заңсыз айналымды анықтау, интернеттегі сауда арналарына тосқауыл қою және жастар арасында профилактикалық жұмыстарды күшейту – құқық қорғау органдарының басты бағыты болып отыр.
Құзырлы органдардың мәліметінше, бұл бағыттағы жұмыстар жыл бойы жалғасып, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырыла бермек.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





