№30 орта мектепте «Құрметті ата-ана: медиация ұғымы аясында ұрпақ алдында өз жауапкершілігіңізді қалай бағалайсыз, тәлімді тәрбие берудің ізгілігін қалай сезінесіз?» тақырыбында маңызды ақпараттық-түсіндірме жұмыстары ұйымдастырылды. Аталған іс-шараның басты мақсаты – ата-аналар мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту, отбасындағы түсіністік пен өзара құрметті арттыру, сондай-ақ медиация ұғымын кеңінен насихаттау.
Іс-шара барысында университеттің білікті маманы, психолог Гүлнұр Балабекқызы ата-аналарға арнайы тренинг сабақ өткізді. Тренинг өте әсерлі әрі мазмұнды өтті. Қатысушылар тек тыңдаушы ғана емес, белсенді түрде өз ойларымен бөлісіп, түрлі тапсырмалар орындады. Психолог өз сөзінде қазіргі қоғамдағы отбасы құндылықтарының маңыздылығына тоқталып, бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі ерекше екенін атап өтті. «Бала – ата-ананың айнасы. Қандай тәрбие берілсе, сол мінез қалыптасады. Сондықтан әр ата-ана өз жауапкершілігін терең сезінуі керек», – дейді маман. Тренинг барысында «Балаға анадан хат» атты ерекше тапсырма орындалды. Бұл тапсырма ата-аналардың жүрегіне жол тауып, көпшіліктің көңілін толқытты. Әрбір ана өз баласына арнап жүрекжарды тілектерін, ақыл-кеңестерін қағаз бетіне түсірді. Кейбір ата-аналар көздеріне жас алып, ішкі сезімдерін ашық жеткізді. Бұл сәт бала мен ата-ана арасындағы рухани байланыстың қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте дәлелдеді Сонымен қатар, тренингте медиация ұғымына кеңінен тоқталды. Медиация – кез келген даулы мәселені бейбіт жолмен шешудің тиімді тәсілі екені түсіндірілді. Отбасындағы түсініспеушіліктерді ұрыс-керіссіз, сабырмен, өзара келісім арқылы шешу – бала психологиясына оң әсер ететіні айтылды.
Іс-шара барысында түрлі психологиялық жаттығу мен ситуациялық тапсырма ұсынылды. Ата-аналар өздерін бала орнына қойып, олардың ішкі жан дүниесін түсінуге тырысты. Бұл әдіс қатысушыларға ерекше әсер қалдырды. Көптеген ата-аналар өз балаларына бұрын жеткізе алмаған сөздерін айту қажеттігін түсінгендерін айтты. Тренинг соңында ата-аналар өз пікірлерімен бөлісіп, мұндай кездесулердің жиі өткізілуі керектігін атап өтті. Олардың айтуынша, мұндай жұмыстар отбасы ішіндегі қарым-қатынасты жақсартуға, бала тәрбиесіне жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Ата-аналар өзара тәжірибе алмасып, бала тәрбиесіндегі түрлі жағдай талқылады. Көпшілігі күнделікті өмірде кездесетін қиындықтарды ашық айтып, оны шешудің тиімді жолдарын бірге қарастырды. Осындай еркін пікір алмасу алаңы ата-аналардың бір-біріне қолдау көрсетуіне, ортақ шешім табуына үлкен мүмкіндік берді. Кездесу барысында қалыптасқан жылы атмосфера қатысушылардың белсенділігін арттырып, тренингтің әсерін одан әрі күшейте түсті.
Келелі іс-шара ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайтуға, тәрбиенің маңызын терең түсінуге үлкен үлес қосты. Ұрпақ тәрбиесі – әр отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан әр ата-ана өз жауапкершілігін сезініп, балаға тек материалдық емес, рухани байлық та сыйлай білуі тиіс.
Айдана Аманжолқызы,
ЖУ студенті





