Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамалық өзгерістерге арналған баспасөз мәслихаты өтті. Жиында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы Қобылан Манап заңға енгізілген өзгерістерге тоқталды.
Департамент басшысының айтуынша, 19 мамыр күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» және мемлекеттік қызмет мәселелеріне қатысты заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу жөніндегі заңдарға қол қойған. Аталған құжаттар мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын жүзеге асыруға бағытталған.
Спикердің сөзінше, жаңа редакциядағы заң мемлекеттік аппараттың сервистік моделін қалыптастыруды көздейді. Яғни, мемлекеттік органдардың басты міндеті халыққа сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсету болмақ. Осы арқылы бюрократиялық кедергілерді азайтып, азаматтардың өтініштерін қараудағы артық рәсімдерді қысқарту көзделген.
Қобылан Тоқбергенұлы мемлекеттік қызмет жүйесінде бұрын нақты айқындалмаған миссия мен жауапкершілік мәселелері де заң жүзінде бекітілгенін атап өтті. Енді мемлекеттік қызмет ұлттық мүддені жүзеге асыратын маңызды институт ретінде қарастырылып, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар нақтыланады.
Баспасөз мәслихатында ауыл әкімдерінің мәртебесіне қатысты өзгерістер де сөз болды. Департамент басшысының мәліметінше, сайланбалы лауазымды тұлғалар мемлекеттік қызметшілердің жеке санатына енгізіледі. Олар ротация мен уақытша ауыстыру рәсімдерінен босатылып, қызметтен босату тек мәслихат шешімі арқылы жүзеге асырылады.
Заңда жас мамандарды мемлекеттік қызметке тарту мәселесіне басымдық берілген. Спикердің айтуынша, мемлекеттік қызметке даярлау жүйесі мектеп пен жоғары оқу орындарынан басталады. Арнайы бағдарламалар арқылы болашақ мамандардың кәсіби құзыреті қалыптастырылады.
Цифрландыру мәселесіне тоқталған Қобылан Манап кадрлық іріктеу толықтай «Е-қызмет» жүйесіне көшірілетінін жеткізді. Егер бос лауазым үш ай бойы толтырылмаса, жүйе автоматты түрде конкурс жариялайды. Бұл кадрлық іріктеудің ашықтығын арттырып, мемлекеттік қызметке білікті мамандарды тартуға мүмкіндік береді.
Жиында мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік қорғалу мәселелері де айтылды. Департамент басшысының сөзінше, 25 жылдан астам еңбек өтілі бар қызметкерлерге зейнетке шыққанда төрт айлық көлемінде төлем қарастырылған. Бұдан бөлек, қосымша ақылы демалыс беру мен үстеме жұмыс үшін өтемақы төлеу секілді еңбек кепілдіктері заң деңгейінде бекітілген.
Мемлекеттік органдарда құқық бұзушылықтардың алдын алу қызметтері құрылып, әдеп жөніндегі уәкілдердің құзыреті күшейтіледі. Спикердің пікірінше, бұл мемлекеттік аппараттағы әділдік пен ұйымдық мәдениетті нығайтуға ықпал етеді.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





